




Бүгін ҚР ПІБ Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде мекеменің құрылғанына 95 жыл толуына арналған «Геронтологиядағы пәнаралық ықпалдастық: тәжірибе және болашақ» атты II Ұлттық геронтологиялық конференция өтті.
Іс-шарада құттықтау сөз сөйлеген госпиталь директоры, медицина ғылымдарының докторы Асхат Бралов мерейтойлық күннің тарихи мәнін атап өтіп, госпитальдың даму кезеңдеріне тоқталды. Ол сонымен қатар, ұзақ өмір сүру қызметін жетілдіру бағытындағы басым міндеттерге ерекше тоқталып, Еуразиялық қартаюды зерттеу қауымдастығының президенті, профессор Валерий Бенбериннің бұл салаға қосқан зор үлесін айрықша атап өтті.
Асхат Бралов халықаралық тәжірибені кеңінен тартудың қажеттілігіне назар аударып, Ұлттық госпиталь білім мен тәжірибе алмасуға, серіктестікті нығайтуға әрдайым дайын екенін жеткізді.
Конференцияда профессор, медицина ғылымдарының докторы Валерий Бенберин, медицина ғылымдарының докторлары Ахметжан Сүгірәлиев пен Аяш Байсұлтанова мазмұнды баяндамалар жасады. Олар қартаю мәселелерін зерттеудің заманауи әдістерін қарастырып, пәнаралық ықпалдастықтың маңызын айқындады және Ұлттық госпиталдің отандық медицинаны дамытудағы үлесіне ризашылық білдірді.
Бас қосу барысында, бейресми пікір алмасу алаңы ұйымдастырылып, қатысушылар өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік алды. Конференцияға республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.