Басты бетKazinform агенттігінің 105 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті

Kazinform агенттігінің 105 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті

Kazinform агенттігінің 105 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті

Президенттік орталықта Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің құрылғанына 105 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтті.

Алқалы іс-шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың агенттік ұжымына жолдаған құттықтау хатын Президенттің көмекшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай оқып берді.

-Ғасырдан астам тарихы бар агенттік осы кезеңде еліміздің ақпарат саласын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Жұртшылықты дүние жүзіндегі аса маңызды оқиғалардан дер кезінде хабардар етіп, Қазақстанның жүз жылдық жылнамасын жазды. Шежірелі шаңырақта қолтаңбасы қалған қаламгерлер ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, халыққа қалтқысыз қызмет етті.

Қазір де редакция ұжымы бұл ұстанымнан айнымай, аға буын салған сара жолды лайықты жалғастырып келеді. Олар қоғамдағы көкейкесті мәселелерді үнемі батыл көтеріп жүр. Бүгінде агенттік бірнеше тілде жаңалық тарататын белді халықаралық ақпарат құралына айналды. Әлемдік басылымдардың Kazinform мәліметтеріне жүгінуі – соның айқын дәлелі, - делінген құттықтау мәтінінде.

Сондай-ақ шара барысында Kazinform агенттігінің қызметкерлері Мемлекет басшысының Алғыс хатымен марапатталды. Мерейтой қарсаңында арнайы әзірленген «Kazinform. Біздің тарихымыз» атты деректі фильм таныстырылып, «Kazinform: шынайы хроника» кітабының тұсауы кесілді.

Айта кетейік, бүгінде Kazinform құрамында 100-ден астам тілші бар. 6 редакция тәулік бойы өзекті тақырыптарды қаузап, ақпарат таратады. Әлемнің 11 нүктесінде меншікті тілшілері де бар. Әрі 40-тан астам елмен әріптестік келісім жасаған.