






ҚР Президентінің Іс басқармасында Қазақстан халқының тілдері күні мерекесі мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнін атап өту аясында ауқымды семинар өтті.
Алқалы жиынға Іс басқармасы мен ведомстволық қарасты ұйымдарының басшылығы, орынбасарлары, бас тәлімгерлер, кадр жұмысы бөлімдерінің қызметкерлері мен мемлекеттік тілді дамытуға жауапты мамандары қатысты.
Жиынның кіріспесінде сөз алған ҚР ПІБ Ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі Рахат Бекқадамов бұл мерекенің еліміз үшін маңызды екенін нақты дәйектерді келтіре отырып атап өтті.
– Тіл саясатын іске асыру және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстар Іс басқармасының жүйесінде үздіксіз жүргізіліп келеді. Тіл саясатын дамытудың тұжырымдамасын іске асыру негізінде 2025 жылға арналған жоспар жасалған, соған сәйкес әртүрлі іс-шара өткізіліп тұрады, - деген Р.Бекқадамов осы бағыттағы жұмыстарға қысқаша тоқталды.
Іс-шарада Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы, белгілі алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов «Ұлт өркениеті: Абай және Ахмет Байтұрсынұлы» тақырыбында тағылымды дәріс оқыды.
Жиын соңында Іс басқармасы жүйесінде мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге үлес қосып жүрген азаматтар Іс басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды.