



10 тамыз күні Финляндия астанасында (Хельсинки қ.) дүниежүзілік иттер көрмесі World Dog Show мәреге жетті. Бұл шараның басты оқиғасы – Қазақстанның ұлттық ит тұқымының әлемдік премьерасы болды. Қазақ тазысы құрамас Әлем чемпионатындағы 7 басты жүлдені және дүниежүзі сарапшылары мен селекционерлерінің қызығушылығын тудырып, үлкен нәтижеге қол жеткізді.
World Dog Show аясында Қазақстан кинологтар одағы халықаралық жарыстарға ең жақсы дайындалған 8 «қазақы тазы» итін жұртшылыққа таныстырды, ұлттық стендті ұсынды.
Қазақстан стенді ұлттық әшекейлермен безендірілген киіз үй пішінінде жасалып, қонақтарға Ұлы Даланың атмосферасын сезінуге мүмкіндік берді. Тамаша фотозонада қонақтар біздің керемет иттерімен суретке түсіп, ақпараттық материалдар алды.
Шетелдік сарапшылар, төрешілер, селекционерлер мен ұлттық кинологиялық ұйымдардың басшылары тамашалаған стенд барынша белсенді жұмыс істеді. Қонақтар тазының шығу тарихына, генетикалық зерттеулеріне, мінезіндегі ерекшеліктеріне, денсаулығына, жұмыс сапасы мен басқа да сипаттарына қызығушылық танытып, өз елдерінде тарату үшін оқу материалдарын жіберуді сұрады. Көптеген келушілер қазақы тазы күшіктерін сатып алу мүмкіндігі жайлы сұрады.
«Халықаралық сарапшылардың реакциясы біздің тазылардың әлемдік кинологиялық аренада лайықты орын алатынын айғақтап отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұлттық ит тұқымын ресми түрде халықаралық деңгейде мойындату және насихаттау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс өз нәтижесін беріп жатыр. Бүкіл әлем «қазақы тазы» тұқымын танып, қызығушылық білдірді. Біз тазыны әлемдік деңгейде тек ерекше аңшы иті ретінде ғана емес, Қазақстанның мәдени символы ретінде таныстырғанымызды мақтан тұтамыз», — деді Қазақстан кинологтары одағының төрағасы Бауыржан Серікқали.
Ол сондай-ақ, Қазақстан кинологтары одағы шетелдік клубтармен және питомниктермен ынтымақтастыққа ашық екенін, оларға Қазақстанның төл ит тұқымы туралы толық ақпарат беруге дайын екенін атап өтті.
Сонымен қатар, іс-шара қарсаңында Қазақстан кинологтары одағы Финляндияда тұратын және жұмыс істейтін қазақ диаспорасы мен қазақстандықтарды таныстырылымңа және рингтегі жарыста біздің тазыларға қолдау көрсетуге шақырды. «Жеті қазынаның» бірін - ұлттық брендімізді көру отандастар үшін World Dog Show 2025 көрмесінің өз алдына бөлек мәдени оқиғасына айналғанын атап өткен жөн.