Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай, биылғы жылдың 15 сәуірінде Президент Іс басқармасы жүйесінде хакімнің Қара сөздеріне, өлеңдері мен әндеріне арналған челлендж бастау алған болатын. Ұлы тұлғаның 10 тамыздағы туған күні қарсаңында осы ауқымды іс-шара мәреге жетті.
Ойшыл ақынның мұраларын насихаттауға бағытталған челленджді Іс басқармасының орталық аппаратының қызметкерлері «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңін жатқа оқып, бейнеролик түсіріп, эстафетаны Медициналық орталық ұжымына жолдаған еді. Медорталық ұжымынан кейінгі кезекті Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы іліп әкетті.
Жоспарға сәйкес, Президенттік орталық, Әкімшілік ғимараттары дирекциясы, Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы, «Оқжетпес» ЕСК, Президенттік Телерадиокешен сынды мекемелер лайықты жалғастырды.
Әр мекеменің өнерлі мамандары хакімнің өлеңдерін жатқа айтты, әндерін шырқады, Қара сөздерін мәнерлеп оқыды. Олар әзірлеген бейнероликтер әлеуметтік желіде қызу қолдау тауып, жұртшылық тарапынан жылы пікірге ие болғанын атап өткен жөн. Әсіресе, Қазқұрылысжүйесі, Автошаруашылық, Ұлттық госпиталь мен Медорталық ауруханасы сынды мекемелер әзірлеген бейнематериалдар сапасымен, әсерлілігімен ерекшеленді. Жалпы, қатысушылардың барлығы өздеріне берілген тақырыпты жан-жақты аша білді.
Бейнематериалдар мекемелердің ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларында, сондай-ақ @udp_open инстаграм парақшасында жарияланып отырды. Ондағы қаралым санына, жазылған пікірлерге қарай отырып, челлендж өз мақсатына жетті, яғни жұртшылық тарапынан қолдау тапты деуге негіз бар.
4 айға жуық уақытты қамтыған мазмұнды іс-шараға барлығы 26 мекеме атсалысып, ҚР ПІБ МТҚБ Инженерлік орталығы Абайдың алтыншы Қара сөзімен жоғары нотада түйіндеп отыр.
Осылайша, ұлы тұлғаның шығармашылық мұраларының тереңіне бойлауға және насихаттауға арналған бастама Іс басқармасы жүйесінде кеңінен қолдау тапты.