
2025 жылғы 1 тамыз - бүгін таңертең елорданың символына айналған «Бәйтерек» монументі жанынан Қазақстан делегациясы Финляндия астанасы Хельсинкиде 7–10 тамыз аралығында өтетін World Dog Show 2025 халықаралық көрмесіне аттанды. Бұл - әлемдегі ең беделді кинологиялық іс-шаралардың бірі.
Биылғы көрме Қазақстан үшін тарихи сәтпен ерекшеленеді: Қазақы тазы тұқымы алғаш рет ресми түрде халықаралық деңгейде танылған ұлттық тұқым ретінде әлемдік аренаға шығады.
Көрмеге қатысатын иттер мен олардың иелері үш шағын автобуспен сапарға шықты.
Барлық назар — ұлттық іріктеуден өткен сегіз Қазақы тазыда. Бұл асыл тұқымды тазылар Финляндияның Жас чемпиондары, Әлемнің Жас чемпиондары, Финляндия чемпиондары, Әлем чемпиондары және Вице-чемпиондары атақтары үшін бақ сынайтын болады.
Көрме аясында «Қазақстан кинологтарының одағы» Республикалық Қоғамдық Бірлестігі Қазақы тазы тұқымын халықаралық қауымдастыққа ресми түрде таныстырады. Бұл — тұқымның жаһандық премьерасы. Қазақы тазы көрмеде тек сыртқы ерекшеліктері мен аңшылық қабілеттерімен ғана емес, сонымен қатар ұлттық бренд ретінде — оның шығу тарихы, мәдени маңызы және қазақ халқының өміріндегі орны арқылы да таныстырылады.
Қазақы тазы мен Төбетті сақтау және оларды халықаралық деңгейде мойындату бастамасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2022 жылдың тамызынан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының қамқорлығына алынды.
Осы уақыт ішінде елімізде көптеген жүйелі әрі маңызды жұмыстар атқарылды. 2023 жылдың тамыз айында Женевада Қазақстан кинологтарының одағы Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) барлық талаптарын орындап, оның толыққанды мүшесіне айналды. Осылайша, Қазақстан ұлттық ит тұқымдарын халықаралық деңгейде таныстыру құқығына ие болды.
2024 жылғы мамырда Астанада арнайы моно-тұқымдық көрме ұйымдастырылып, онда FCI комиссиясы 100-ге жуық Қазақы тазыны зерттеп, бағалады. Ал 2024 жылғы 3 қыркүйекте Амстердамда өткен FCI Бас комитетінің отырысында Қазақы тазы тұқымын алдын ала тану туралы және тұқым стандартының иесі ретінде Қазақстан Республикасын ресми бекіту туралы шешім қабылданды.
Қазақы тазы тұқымының толық халықаралық мойындалуы үшін шамамен 10 жыл қажет. Бұл үдеріс 2034 жылға дейін жалғасады. Осы кезеңде тұқымның жүйелі дамуы, сандық өсімі және халықаралық көрмелерге белсенді қатысуы басты назарда болады. Бүгінгі бастама - сол ұзақ жолдың маңызды әрі жарқын алғашқы қадамы.