«Қазақстандық Лапландия» кешеніне қысқы мерзімде келген адамдардың саны 15000-нан асады. Кешенге келушілердің жартысынан астамы - жасөспірімдер, яғни мектеп оқушылары, сонымен қатар балалар үйінің, сауықтыру, реабилитация және әлеуметтік бейімделу орталықтарының тәрбиеленушілері. Кешенде оларға тегін қызмет көрсетіледі.
Кешен қызметкерлері келуші қонақтарға ұмытылмас бағдарламалар ұсынды. Атап айтсақ, Санта Клаус резиденциясын тамашалау, «Әлемнің жеті кереметіне» саяхат және Қар патшайымымен танысу салтанаты сынды түрлі бағдарламалар көрермендерге үлкен әсер қалдырды. Кішкентай бүлдіршіндер Эльфтер мектебіне саяхат жасау барысында түрлі ертегілер тыңдап, сурет салуды, марал мен ит жегілген шаналарда серуендеуді, сонымен қатар коньки, шаңғы тебу мен сырғанауды үйренді.
«Қазақстандық Лапландия» ертегілер қалашығы Жаңа жыл мерекесіне орай ашылған болатын. Комплекстің салтанатты ашылу рәсіміне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты.
Кешен жыл бойы тынбай жұмыс жасайтындығын естеріңізге саламыз. Комплекс аумағында қыста көңіл көтерудің қысқы түрлері ұйымдастырылса, жазғы мерзімде мұнда жағажай ашылып, сондай-ақ әр түрлі деңгейдігі су алыбы және теннис корты мен футбол алаңы ұйымдастырылады. Мұнда келуші қонақтар ескекті немесе желкенді қайықтармен серуен құрып, таңертеңгі, түскі, кешкі ас ішіп немесе жай ғана күн сәулесін қабылдай алады. Велосипед теуіп, катамаранда қыдыруға немесе роллердромға баруға болады. Жаяу серуендеуді жаны сүйетіндерге арналған, Бурабай саябағының әйгілі жерлеріне таситын маршрутты да кездестіре аласыздар.