Басты бетҚазақстан Республикасының Президентi Іс басқармасы Наурыз мейрамын тойлады

Қазақстан Республикасының Президентi Іс басқармасы Наурыз мейрамын тойлады

Үстіміздегі жылдың 20 наурызында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының басшылығы мен қызметкерлері және ведомстволық қарасты ұйымдар Наурыз мерекесіне орай салтанатты шара өткізді.

       Аталмыш мереке ұжымның татулығының арқасында ұйымдастырылған болатын. Мереке қазақ халқының  беташар, бата беру сияқты салт-дәстүрлерімен жалғасып,  концерттік бағдарламаға ұласты. Кеңінен жайылған мерекелік дастарханға ұлттық тағамдарымыз – Наурыз көже мен бауырсақ қойылды. Ұлттық нақыштарымызды насихаттау мақсатымен киіз үй орнатылды.

           Сонымен бірге «Наурыз мейрамы» атты фотокөрме және «Қара жорға» атты флеш-моб ұйымдастырылды. Қызметкерлер ән шырқап, би билеуден жарысқа түсті. Сайысқа қатысушылар ұлттық ән-биімізбен қатар, республиканың басқа ұлт өкілдері – өзбек, татар, кәріс, шешен халықтарының  өнерлерін көрсетіп, талантымен таңдай қақтырды. Белсене қатысқан сайыскерлерге естелік дипломдары мен сыйлықтар тапсырылды.

           Наурыз – көктем  мерекесі. «Наурыз» сөзі «көктемнің дүниеге келуі» мағынасымен мәндес. Ежелгі шығыс күнтізбесі бойынша, Наурыз мейрамы – Жаңа жыл. Содан болар, «Жана жылды» молшылықпен қарсы алсаң, бүкіл жыл бойы тоқшылықта боласың.

          Наурыз мейрамында қазақ халқы ұлттық нақышпен өрнектелген киімдер киіп, туған-туысқа қонаққа барады. Жүректен шыққан ізгі тілектерін білдіре келе, әр отбасыға аманшылық тілейді.

           Бұл мерекенің ең басты тағамдарының бірі – Наурыз көже. Ұлттық тағам су, ет, тұз, май, ұн (күріш, жүгері немесе бидай), сүт, дәнді-дақыл секілді адам өміріне қажетті  жеті элементтен тұрады. Бұл ингредиенттер - қуаныш, сәттiлік, даналық, денсаулық, әл-ауқат, жылдамдықтың, сондай-ақ ғажап қорғаныстың символы.

           Ұлттық дәстүрді танытатын театрланған көріністер халықты өз мәдениетін және туған жерін құрметтеуге, елінің тәуелсіздігін сақтап қалуға, Қазақстандағы басқа да ұлт өкілдерімен жақсы қарым-қатынаста, түсіністікте болуға шақырады.

         Қазақстанда 1926 жылдан 1988 жылға дейін бүкілхалықтық Наурыз мерекесі тойланған жоқ. Десек те, 2001 жылдан бастап Наурыз мемлекеттік мереке болып жарияланды. Ал 2009 жылдан мереке 3 күн қатарынан 21 наурыздан бастап  атап өтілуде.