

ҚР ПІБ Медициналық орталығына қарасты Ұлттық госпиталь қызметкерлері Отан соғысының ардагері Екатерина Баранованы 100 жылдық мерейтойымен құттықтады. Бұл туралы 24 KZ арнасы хабарлады.
Қаршадайында қан майданда аттанған Екатерина Александровна соғыс аяқталғаннан кейін сол кездегі «Совминкада» 40 жыл медбике болып қызмет етті. Жұмысында жоғары біліктілік танытқаны соншалықты, зейнетке шыққаннан кейін де әріптестері оны ұзақ уақыт бойы жібере алмады. Осы жылдар ішінде аурухана дәрігерлері әріптесінің денсаулығын қадағалап қана қоймай, барлық мерекелерде арнайы құттықтап отырды.
Қазір мерейтой иесінің әрбір сағаты минутына дейін жоспарланған. Құттықтап келіп жатқандардың арасында Алматы қаласының әкімі де, әскери қызметкерлер де бар. Дегенмен өз туған ұжымының қызметкерлері ол үшін ең жақын жандар. Қонақтарды Екатерина Александровна 110/70 қан қысымымен сергек көңіл күйде қарсы алды.
–Біздің ауданда мен секілді үш-ақ қария қалдық. Осы жүз жылдың ішінде неше түрлі оқиғалар болды: ашаршылық, соғыс, ауыр кезеңдер… Ал қазір сендер жұмақтай өмір сүріп жатырсыңдар. Сол бақыттың қадірін біліңдер. Бұл жағдайды сендерге біз – қарттар жасап бердік. Менің ұзақ өмір сүруімнің құпиясы қарапайым – еңбек етіңдер, ешкімге жамандық жасамаңдар, өз-өздеріңді жақсы көріңдер, – деді Екатерина Александровна.
100 жылдық өмірінде ашаршылық, сталиндік репрессия, соғыс, тың игеру, КСРО-ның күйреуі, тәуелсіз Қазақстанның құрылуы, пандемия сияқты тарихи кезеңдерді көрген қарияның өмірі туралы толығырақ мына сілтеме бойынша оқыңыздар 24kz