


Қалыптасқан дәстүр бойынша, БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ҚР Президентінің Іс басқармасы жүйесінде еңбек ететін бір топ маманға құрмет көрсетілді.
Кәсіби шеберлігімен және жауапкершілігімен көзге түсіп жүрген баспасөз қызметінің мамандары мен журналистерді марапаттау рәсімі өтті.
Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы Инженерлік орталығының қызметкерлері медиа қызмет басшысы Гүлмира Амангелдіқызы Айтжанова және медиасервистер секторының меңгерушісі Айбол Тұяқбайұлы Жұмағұловтың қызметі жоғары бағаланып, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері атанды.
ҚР Президентінің Телерадиокешенінің қызметкерлері, «Оқжетпес» ЕСК қоғаммен байланыс жөніндегі ресми өкілі ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының Алғыс хатымен марапатталды. Іс басқармасы жүйесінде қызмет атқаратын бірнеше маманға Президенттің Іс басқарушысының Алғысы тапсырылды.