Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен Қытайдың CMG медиакорпорациясы арасында «Silk Way Star» халықаралық «Silk Way Star» жобасын бастау туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі хабарлады.
Тиісті құжатқа Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Астанаға сапары аясында екі ел медиакорпорацияларының басшылары Шэнь Хайсюн мен Раушан Қажыбаева қол қойды.
«Silk Way Star» — Орталық Азия елдері, Кавказ және Қытай әншілері қатысатын алғашқы бірлескен музыкалық жоба. Жоба аясында байқаулық өнер көрсетулер, шоу бағдарламалар мен гала-концерт жоспарланған. Әр түрлі тілде шырқалатын әндер мен жарқын кросс-мәдени музыкалық коллаборациялар мәдениеттер арасындағы ерекше шығармашылық диалогті қалыптастырмақ. Аймақ елдерінің көрермендері Silk Way және CGTN телеарналары арқылы жаңа шоудың көркем эпизодтарын тамашалай алады.
Бүгін қол қойылған Келісім біздің медиа компаниялар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашады. Қазақстан мен Қытайдың жетекші екі медиакомпаниясы алғаш рет әлемдік деңгейдегі жобаны бірлесіп жүзеге асырады, — деді Президент Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева.
Ал CMG басшысы Шэнь Хайсюн жобаның бірлесіп атқарылуы — екі компания үшін де ерекше тәжірибе екенін айтты.
Silk Way Star жобасының ауқымы Президент Телерадиокешені мен Қытай Медиа Корпорациясы арасындағы стратегиялық әріптестік деңгейіне сай келеді. Оның бірлесіп атқарылуы — екі компания үшін де ерекше тәжірибе, — деп атап өтті CMG басшысы Шэнь Хайсюн.
Еске сала кетейік, 2024–2025 жылдары ҚР Президенті Телерадиокешені мен CMG бірқатар бірлескен жобаны табысты жүзеге асырды. Атап айтқанда: «Астана–Бейжің» телекөпірі, «SCO — Build Strength Through Multilateral Dialogue» телеконференциясы, «SCO Connect» арнайы шығарылымдары. Сондай-ақ қазақстандық және қытайлық деректі фильмдермен тұрақты түрде алмасу және трансляциялау жүзеге асырылып келеді.