



Парижде өткен әлемдік деңгейдегі беделді LINNC (Live Interventional Neuroradiology & Neurosurgery Course) медициналық конференциясында Қазақстанның танымал нейрохирургі, Ұлттық госпиталь дәрігері Мынжылқы Бердіқожаев шеберлік сабағын өткізіп, тікелей эфирде екі күрделі операцияны сәтті көрсетті.
ҚР ПІБ Медорталығы Ұлттық госпиталі нейрохирургтарымен бірлесіп, дәрігер алдыңғы біріктіруші артериядағы аневризманы және қан кеткен желке бөлігіндегі мальформацияны алып тастау операцияларын халықаралық әріптестердің назарына ұсынды. Нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Саршаев шеберлік сабағын Парижде тікелей баяндамамен толықтырды. Бұл тек жеке жетістік емес, бұл — командалық еңбектің жемісі және қазақстандық медицинаның халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейтін нақты көрсеткіш, — деп атап өтті Мынжылқы Бердіқожаев. Шеберлік сабағы аясында Ұлттық госпиталь нейрохирургтары жоғары кәсіби шеберлікті, техникалық жабдықталуды, заманауи стандарттарға сәйкестікті және бірегей авторлық әдістерді көрсетті.
Шетелдік мамандарға арналған тікелей эфирдегі оқу операциялары — Қазақстан нейрохирургиясы үшін сапалық жаңа кезеңнің бастауы. Францияда 28 жылдан бері өткізіліп келе жатқан LINNC конференциясы әлемнің жетекші нейрохирургтарын, интервенциялық радиологтарын және ғалымдарын жинайды.
Биыл бұл салада Франция, Канада, Германия және Колумбиямен қатар, Қазақстан да үздік бестіктің қатарына енді. Бұл — еліміздің медицина саласына нейрохирург Мынжылқы Бердіқожаев басқаратын Ұлттық госпиталь командасының кәсіби тартуы. Әсіресе, бұл жетістік Қазақстандағы Медицина қызметкерлері күні қарсаңында ерекше маңызға ие болды.