
Парламентаризм институтының сарапшылары жаңа заң жобасын әзірлеуде. «Qrnews.kz» порталына берген сұхбатында Парламентаризм институтының сарапшысы Еңлік Байназарова Қазақстандағы қолөнер саласын қолдауға арналған заманауи құқықтық негіздің қалыптасуы жайлы айтып берді.
Сарапшының айтуынша, заң жобасында алғаш рет «қолөнерші» және «қолөнер өнімі» ұғымдарына нақты анықтама беріледі. Сонымен қатар, қолөнер қызметін жүргізудің нұсқалары – жеке, отбасылық бизнес не арнайы ұйым арқылы жүзеге асыру жолдары айқындалады. Салада жүйелі дамуды қамтамасыз ету үшін Мемлекеттік қолөнершілер тіркелім құру көзделіп отыр. Бұл бағытта мемлекет тарапынан нысаналы қолдау шараларын жүйелі жүргізуге мүмкіндік туады.
Жоба шеңберінде тәжірибелік қолдау тетіктеріне баса назар аударылған: салықтық және мүліктік жеңілдіктер, шикізат пен құрал-жабдық сатып алуға арналған субсидиялар, ғимараттарды жалға алу құқығы, мемлекеттік гранттар мен шәкірттер даярлау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл – әсіресе әйелдерге, ауыл тұрғындарына және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға маңызды.
Сонымен қатар, заң жобасында қолөнердің мәдени маңызы атап көрсетілген. Халық қолөнері рухани-мәдени мұраның бір бөлігі ретінде заңнамалық деңгейде танылып, халықаралық деңгейде де қолдау табуға мүмкіндік береді. Мұндай тәсілдер Франция, Жапония және Германия сынды елдерде табысты қолданылып келеді.
«Қолөнер қызметін дамыту туралы» заң жобасы мен соған сәйкес бірқатар заңнамалық өзгерістер Мәжіліс депутаты Г.Нұрымованың бастамасымен Парламентаризм институты сарапшыларының қолдауымен әзірленуде. Заңның басты мақсаты – ұлттық дәстүрлерді сақтау, өзін-өзі жұмыспен қамту мен қолөнершілерді жүйелі түрде қолдау арқылы олардың әлеуетін дамыту.
Мақаланың толық нұсқасын «Qrnews.kz» порталынан оқи аласыздар: qrnews.kz