





Елімізде медициналық туризм қарқынды дамып келеді. Бүгінде ол шетелдік емделушілер арасында жоғары сұранысқа ие тұрақты үрдіске айналды.
Медициналық туризмнің сәтті дамуының айқын мысалы – «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешеніне қарасты «Almaty Resort» шипажайы. Мұнда шетелдік емделушілердің саны жыл сайын тұрақты түрде артып келеді. Мәселен, 2023 жылы 164 шетелдік азамат оңалтудан өтсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 261 адамға жеткен. Биыл, туристік маусым басталмай жатып, кешенге 70-ке жуық шетелдік келді. Бұл шетел азаматтарының қазақстандық медицинаға деген сенімінің артып келе жатқанын көрсетеді.
- Медициналық туризм бойынша бәсекелестікте басты артықшылығымыз — төмен баға. Ал, қызмет сапасы шетелмен салыстырғанда бірдей-ақ. Сонымен қатар жайлылық, тамақтану және басқа да қолайлы қызметтерді ұсынамыз, – дейді «Almaty Resort» директорының емдік-оңалту жұмыс жөніндегі орынбасары Асхат Оңғарұлы.
«Almaty Resort» секілді кешендерде сауықтыру мен оңалтуға баса назар аударылған. Ең көп сұранысқа ие процедуралар қатарында – галотерапия (тұзды ауамен емдеу), ингаляция, минералды ванналар, магниттік және ультрадыбыстық терапияны қамтитын электротерапия бар. Барлық процедуралар тәжірибелі мамандардың бақылауымен, әрбір пациенттің жеке жағдайын ескере отырып тағайындалады.
- Мен Америкада, мұхит жағасында тұрамын. Өз тәжірибеммен айтар болсам – Америкада ем алу да, жалпы денсаулықты бақылауда ұстау өте қымбат. Қазақстанға отбасыммен келіп, демалғаным арзанға түсті. Мұнда таудың таза ауасы, кеңістік бар. Тіпті, тиіндерді тамашалауға болады. Тамақ жайлы да, басқа нәрсе туралы да уайымдаудың қажеті жоқ, – дейді АҚШ азаматшасы Надежда Шишкова.
Оңалту шаралары тиімді әдістердің, табиғи ресурстардың және бәсекеге қабілетті бағаның арқасында Қазақстандағы медициналық туризмнің маңызды бағытына айналып келеді. Бұл саланың әлі де әлеуеті зор.