


Көктем аллергияның күшейетін уақыты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлем бойынша әрбір төртінші адам өсімдік тозаңына аллергиялық реакциядан зардап шегеді.
7 арнаның «Доктор Тәжина» атты медициналық тақырыптағы арнаулы бағдарламасының түсірілім тобы осы тақырыпта ауқымды репортаж әзірлеу үшін ҚР ПІБ Медорталығы ауруханасының Аллергология орталығына келді.
Орталық жетекшісі, аурухананың бас аллерголог-иммунологы Ғалия Түсіпбек журналиске осы тақырыпта жан-жақты түсіндіріп берді.
Қазақстанның климаты құрғақ болып келеді, біздің елде тозаңы жел арқылы таралатын өсімдіктер көп. Дүниежүзілік жылыну процесімен бірге жылы маусым ұзарып, сәйкесінше аллергияның да әсері артып барады,- дейді дәрігер.
Бағдарламада аллергияны анықтау жолдары, тиімді терапиялық емдеу тәсілдері туралы айтылды. Медорталық ауруханасындағы Аллергологиялық орталықтың осы бағыттағы озық тәсілдері, жетістіктері де қамтылды.
Жетінші арнаның түсірілім тобы Медорталық ауруханасының базасында медициналық тақырыпта түсірілім жасау үшін бұған дейін де бірнеше рет келгенін айта кетейік. Аллергия тақырыбындағы мазмұнды әрі халыққа пайдалы бағдарламаны Жетінші арнаның YouTube арнасындағы мына сілтеме youtu.beарқылы толық тамашалауға болады.