
Елордада Қазақстан кинологтары одағының ұйымдастыруымен Astana Winner – 2025 халықаралық иттер көрмесі және «Қазақы тазы» монотұқымды көрмесі өтті.
Еліміздің кинология саласындағы маңызды оқиғаға Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ алыс және таяу шетелдерден жетекші питомниктер мен кәсіби селекционерлер 400-ден астам ит әкелді.
Қазақы тазыларға ерекше көңіл бөлінген айтулы іс-шарада Қазақстан, Жапония, Сербия және Латвиядан келген халықаралық деңгейдегі төрешілер сарапшылық жасады.
Қазақы тазы тұқымына арналған монотұқымды шоу көпшіліктің қызығушылығына ие болды. Бұл іс-шара қазақы тазы тұқымының халықаралық деңгейде танылуына бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы екенін атап өткен жөн.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 3 қыркүйекте Амстердам қаласында өткен FCI (Халықаралық кинологиялық федерация) Бас комитетінің отырысында «Қазақы тазы» тұқымын әдепкі тану және Қазақстанды осы тұқым стандартының иесі ретінде бекіту туралы тарихи шешім қабылданған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Президент Іс басқармасы қазақы тазы мен төбетті халықаралық деңгейде танытуға бағытталған жұмыстарға мұрындық болып келеді.