Бүгін елордада ҚР Президентінің Іс басқармасы мен бағынысты ұйымдары қызметкерлерінің арасындағы дәстүрлі спартакиада аясында шахматтан жарыс өтті.
Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған ҚР ПІБ Бас тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Серік Сыдықов:
-Шахмат ойынын дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыруларыңызға шын жүректен тілектеспін. Турнирдің барлық қатысушыларына әділ сайыста жарқын жеңіс, табыс пен сәттілік тілеймін!- деді.
Жарысқа әрқайсысы екі адамнан тұратын 14 команда қатысты.Тартысты бәсеке қорытындысы бойынша Инженерлік-техникалық орталық командасы бас бәйгені жеңіп алды. Мемлекеттік резиденциялар дирекциясының намысын қорғаған жұп екінші орынды иеленді. Жүлделі үшінші орын Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасына бұйырды.
Сондай-ақ, сайыста шебер ойынымен танылған Бауыржан Алиякпаров (Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы) пен Еркінбек Бағзый (Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы) «Үздік ойыншы» аталымын жеңіп алды.
Спартакиада жыл соңына дейін жалғасатынын айта кетейік. Алдағы уақытта шағын футбол, волейбол, қазақ күресі және басқа да спорт түрлерінен сайыс өтеді.