
Президенттік орталықта Жеңістің 80 жылдығына орай, «Ұлы жеңіс мәңгілік жадымызда» атты салтанатты іс-шара өтті. М.В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалымен бірлесіп ұйымдастырылған салтанатты жиында студенттердің бастамасымен жарық көрген «Соғыс туралы естелік кітаптың» үшінші басылымының тұсаукесері өтті.
Құрметті қонақтар ретінде «Естелік кітабында» есімдері аталған Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлардың туыстары шақырылды. Сонымен қатар мемлекет пен қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, дипломатиялық қауымдастық мүшелері, елордалық жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.
Құттықтау сөз сөйлейтіндер қатарында – Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат, М.В.Ломоносов атындағы ММУ Қазақстандағы филиалының директоры Александр Сидорович, Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин, генерал-лейтенант, тарих ғылымдарының докторы Абай Тасболатов болды.
Кездесу соңында ҚР ПІБ Президенттік орталығы ұйымдастырған Ұлы Отан соғысы жылдарында жазылған шығармаларды насихаттау мен тарихи жадыны сақтау мақсатындағы «Жеңіс дауысы» музыкалық-поэтикалық челленджінің қатысушылары өнер көрсетті.