Басты бетИнженерлік-техникалық орталық жобасы халықаралық байқауда ТОП-20 қатарына қосылды

Инженерлік-техникалық орталық жобасы халықаралық байқауда ТОП-20 қатарына қосылды

Инженерлік-техникалық орталық жобасы халықаралық байқауда ТОП-20 қатарына қосылды

ҚР ПІБ Инженерлік-техникалық орталығы (ИТО) әзірлеген «Ахуалдық-талдамалық кешен» (АТК) WSIS Prizes 2025 халықаралық байқауының AL C1: Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамытудағы үкіметтер мен барлық мүдделі тараптардың рөлі санатында үздік 20 жобаның қатарына енді.

Қазіргі таңда жоба 30 сәуірге дейін жалғасатын ашық онлайн дауыс беруге қатысуда. Жеңімпаз жобалар 8 шілдеде Швейцарияның Женева қаласында өтетін WSIS+20 High-Level Event халықаралық іс-шарасында жарияланады.

Биыл байқауға әлемнің түрлі елдерінен жалпы 973 өтінім қабылданғанын айта кетейік. Халықаралық сарапшылар 18 номинация бойынша әрқайсысынан 20 үздік жобаны іріктеп, нәтижесінде 360 жоба финалға өтті.

АТК —жедел ақпаратты визуализациялау және басқарушылық шешімдерді қолдау үшін арналған аналитикалық жүйе. Ол ақпараттық жүйелерден деректерді жинап, өңдейді, көпөлшемді мәліметтер қоймасын құрып, негізгі көрсеткіштерді «Басшы панелінде» көрсетеді.

2022 жылдан бері АТК Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы жүйесінде сәтті жұмыс істеп келеді, ал өткен жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіне де енгізіліп, тиімді қолданылуда. Жүйелер өз тиімділігін дәлелдеп, басқару ашықтығы мен жұмыс сапасын арттырудың маңызды құралына айналды.

WSIS Prizes — Халықаралық электрбайланыс одағы ұйымдастыратын беделді халықаралық байқау. Байқау Ақпараттық қоғам мәселелері жөніндегі дүниежүзілік саммит аясында өткізіледі. Оның мақсаты — ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететін жобаларды анықтап, қолдау көрсету.

Situational-Analytical Complex жобасына 2025 жылғы 30 сәуірге дейін www.itu.int сайтында дауыс беруге болады: AL C1 санатын таңдап, Vote For This Project батырмасын басыңыз.