

Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Президент Іс басқармасына қарасты «Қазқұрылысжүйесі» ұйымының басшылары тыл ардагері Аллаберген Ахметжановтың үйіне арнайылап ат басын тіреді. 90 жасқа толған ақсақалды мерейлі жасымен құттықтап, барша ұжымның атынан шағын сый-сияпат жасады, құрмет көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Сүйегі асыл» деген теңеуді Аллаберген ақсақалға қарата айтсақ, әбден жарасары хақ. Қария Атбасар ауданының тумасы, 1935 жылы өмір есігін ашқан. Балалық шағы сұм соғысқа тап келіп, қаршадайынан еңбек майданына араласты. Буыны қатпай жатып, мал да бақты, шөп те шапты, арба айдады.
«Біз қанша қиындық көрсек те мойымадық. Жеңіс үшін күні-түні еңбек етіп, ересектермен қатар үлес қостық. Майданға аттанған үлкендердің орнын жоқтатпауға тырыстық. Анамызға, кішкентай бауырларымызға тірек болдық», дейді қария.
Көптен күткен Жеңіс те келді. Орта біліммен шектеліп қалмау керек екенін түсінген бозбала Алматыдағы зооветеринарлық институтқа түсіп, үздік бітірді. Бейбіт күннің әр сәтін бағалап, өз саласы бойынша аянбай тер төкті. Туған жерінде шопандар бригадасын құрып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Еңбегі елеусіз қалған жоқ, озық шопан ретінде делегация құрамында еліміздің сол кездегі астанасы – Алматыға, тіпті сонау Францияға дейін барып қайтты.
Өмірі өнегеге толы ақсақал туралы мақаланың толық мәтінін мына сілтеме арқылы оқуға болады. Egemen.kz.