


ҚР ПІБ Президенттік орталығында «Таза Қазақстан: экология және жастар» атты студенттермен кездесу өтті. Жиында ҚР Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты өңдеу және талдау департаментінің директоры Марат Қалменов баяндама жасады. Президенттік орталық директорының орынбасары Серік Сыдықов құттықтау сөз сөйледі.
М.Қалменов өз сөзінде Қазақстандағы экологиялық мәселелердің маңызды тақырыптарына, еліміздің халықаралық экологиялық келісімдерге қатысуы мен міндеттемелеріне, климаттың өзгеруіне қарсы күресте энергия үнемдеудің рөліне тоқталды.
Спикер қоршаған ортаға шығарылатын қалдықтардың негізгі көздерін қысқарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдеді. Келтірілген статистикалық деректер тыңдаушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Мысалы, Қазақстан парник газдары шығарындыларының 30 эмитентінің қатарына кіріп, көлемі бойынша әлемде 23-орынға, ЖІӨ-ге қатысты шығарындылар көлемі бойынша 9-орынға ие.
Қазақстанның парник газдар шығаруды азайту жөніндегі қадамдары туралы айта келе, М. Қалменов «жасыл» технологиялар мен экологиялық бастамаларды қолдауды, халықаралық климаттық келісімдерге қатысуды атап өтті.
«Маңызды қадамдардың бірі – қазба отындарына тәуелділікті азайтып, тұрақты экономиканы құруға көмектесетін төмен көміртекті жобаларға инвестиция тарту», - деді ол.
Кездесу танымдық және сындарлы өтті. Студенттердің климаттық өзгерістер туралы хабардарлығын арттырып, энергия үнемдеу және экологиялық жауапкершілік тақырыбына қызығушылықтарын танытты.