






Almaty Resort шипажайындағы «Наурызнама» шарасы қонақтарға жай ғана демалыс емес, қазақтың бай мәдениетіне терең бойлап, көне мерекенің ажырамас бөлігіне айналуға мүмкіндік сыйлады. Ең әсерлі күндердің бірі – мейірім күні болды. Бұл күні шипажай ұжымы «Жанұя» балалар үйінің 25 тәрбиеленушісін қонаққа шақырып, олар үшін ерекше бағдарлама ұйымдастырды. Балалар бассейнге шомылып, кино көріп және ұлттық тағамдардан дәм татты. Ұлттық дәстүрлер күні қонақтар ерекше әрі әсерлі салт – «Тұсау кесу» рәсіміне куә болды. Бұл – баланың алғашқы қадамы мен өмір жолына берілген ақ тілек, ізгі ниеттің белгісі. Ұлттық киімдер күні де есте қаларлық болды – шипажайдың барлық қызметкерлері: басшылықтан бастап дәрігерлер, әкімшілер мен даяшыларға дейін этностильдегі киім киіп, қазақ мәдениетінің байлығын паш етті. Жаңару күніне орай шипажайдың құрметті қонақтары — танымал қазақстандық музыкант, әрі ғалым Досым Сүлеев пен белгілі журналист, академик Аяған Сандыбай ағаш отырғызып, ақ баталарын берді. Спорт күні де назардан тыс қалмады. Бұл күні қонақтар ұлттық спорт түрі - қазақша күрестен тартысты белдесулерді тамашалады. Ал он күндік мерекенің шарықтау шегі — 22 наурыз күні өтті. Бұл күні шипажай аумағында нағыз этноауыл бой көтеріп, қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады. Концерттік бағдарламаны көріп, Наурыз мерекесінің терең рухын сезінді.