






Бүгін ҚР ПІБ Президенттік орталығында өскелең ұрпақ бойында экологиялық білімді дамытуға бағытталған «Жануарлардың ғажайып әлемі» атты жаңа балалар көрме алаңы ашылды.
Бұл іс-шара Мемлекет басшысының бастамасы бойынша өткізіліп жүрген «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылып отыр.
Көрме - жай ғана экспозиция емес, экологиялық тәрбиеге бағытталған білім беру алаңы. Экспонаттар мен интерактивті ойын элементтері балаларға табиғаттың адам өміріндегі маңыздылығын түсінуге көмектеседі. Бұл экологиялық мәдениетті дамыту жөніндегі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мақсаттарына сәйкес келеді.
Екі бөлімнен тұратын «Қазақ халқының дәстүрлері» және «Жануарлар әлемі» экспозициясы аясында 100-ге жуық экспонат қойылған.
«Экспозиция жануарлардың биологиялық алуандығы мен экожүйені сақтаудағы рөліне баса назар аударуға, олардың мифологиядағы, тұрмыстық және аңшылық тәжірибедегі маңызын ашады. Тұран жолбарысы, қар барысы, тазы мен төбет сынды хайуанаттардың таралымын қалпына келтіру жөніндегі бастамаларды қоса алғанда, Қазақстанның қазіргі заманғы экологиялық саясаты мәселелері қамтылды. Біздің экспозиция сіздердің білімдеріңізді тереңдетіп қана қоймай, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың маңыздылығы туралы ойлануға шақырады», – деді ҚР Президенттік орталығы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.
Іс-шараға елордалық балабақшалардан 70-ке жуық балдырған қатысып, бай жануарлар әлемімен, оның қазақ халқының табиғаты мен мәдениетіндегі рөлімен танысты. Балғын қонақтар интерактивті ойындарға қатысып, сол арқылы жануарлар туралы қызықты фактілермен танысып, қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымынан хабардар болды.
Осылайша, «Жануарлардың ғажайып әлемі» залы жаңа білім алатын орын ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Республикасының экология және тұрақты дамуы саласындағы ұлттық басымдықтарға сәйкес келетін экологиялық жауапкершілікті тәрбиелеу алаңына айналады.