





ҚР Президентінің Іс басқармасында «Ақпараттық қауіпсіздік негіздері және кибергигиена нормаларын сақтау» тақырыбында семинар өтті.
Іс басқармасының орталық аппараты мен қарасты кәсіпорындарының қызметкерлері қатысқан алқалы жиынды Цифрландыру және жобалық басқару бөлімі ұйымдастырғанын айта кетейік.
Басқосуда сөз алған ҚР ПІБ Цифрландыру және жобалық басқару бөлімінің меңгерушісі Дәурен Молдахметов тақырыптың өзектілігіне тоқталды.
«Қазігі таңда дербес немесе қызметтік деректерді қорғау әр азамат үшін өте маңызды. Цифрлы әлем күн санап қарқынды дамыған сайын жаңа технологиялармен қатар, жаңа қатерлер де туындауда. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру баршамыздың ортақ міндетіміз», - деп атап өтті.
Қазіргі күн тәртібіндегі көтерілген өзекті тақырып басқосуға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері Ерболат Қалим және Нұрбол Мұқашев, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ өкілі Алмат Махамбетов, MSSP GLOBAL киберқауіпсіздік жөніндегі тәуелсіз сарапшысы Медет Турин, халықаралық сарапшы, киберқауіпсіздік бойынша отандық жетекші вендор tLab компаниясының өкілі Арнұр Тохтабаев қатысты. Білікті мамандар деректердің құпиялығын сақтау, фишингтік шабуылдардан қорғану, ақпараттық қауіпсіздікті күшейту жолдары туралы мазмұнды баяндама жасады.
Жиын барысында ҚР ПІБ Инженерлік-техникалық орталығы және ҚР ПІБ МТҚБ Инженерлік орталығы ақпараттық қауіпсіздік және киберқорғаныс саласы бойынша Қазақстандағы жетекші компаниялар саналатын Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығымен, MSSP GLOBAL компаниясымен, сондай-ақ tLab компаниясымен арада Ынтымақтастық туралы меморандумға қол жеткізді.
Осы құжаттар аясында аталған компаниялармен өзара тәжірибе алмасу, ақпараттық қауіпсіздікті нығайту бойынша жаңа бастамаларды жүзеге асыру көзделген.