Қазақстан заңнамалық реформаларын жүзеге асырып, жергілікті биліктің өкілеттіктерін кеңейту және азаматтық қоғамның рөлін күшейту арқылы Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында қарқынды қадам жасап келеді. Парламентаризм институтының сарапшысы Санжар Қадырбаев astana-akshamy.kz сайтындағы мақалада осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың маңызын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
Тұрақты даму мақсаттары – әлем елдерін әлеуметтік, экономикалық және экологиялық сын-қатерлерге бірлесе қарсы тұруға үндейтін жаһандық бағдар. Еліміз бұл бағытқа 2016 жылы қосылып, бірден Париж келісіміне қол қойып, экология, денсаулық сақтау, адам құқығы және әлеуметтік әділеттілік салаларында бірқатар маңызды заңдарды қабылдаған-ды.
- 2020 жылы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жаңарып, медициналық қызметтердің сапасын арттыруға жол ашты. 2021 жылғы Экологиялық кодекс экологиялық талаптардың орындалуын күшейтіп, «жасыл» технологияларды ендіруге бағыт берді. Ал 2024 жылы күшіне енген «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң құқық қорғау жүйесін жаңа деңгейге көтереді, - дейді сарапшы.
Санжар Қадырбаев атап өткендей, Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру процесін Парламент ұдайы назарда ұстап отыр. Сенат жанындағы Жобалық кеңсе әрбір көрсеткіштің орындалуын сараптап, заңнамалық базаны жетілдіруге ұсыныстар әзірлейді. Осылайша Парламент пен Үкіметтің бірлескен жұмысы ықшамдалып, нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бар.
Мақаланы толығырақ мына сілтеме арқылы оқуға болады.