Басты бетСоғыс ардагерлері құрмет пен қамқорлыққа лайық

Соғыс ардагерлері құрмет пен қамқорлыққа лайық

Соғыс ардагерлері құрмет пен қамқорлыққа лайық Соғыс ардагерлері құрмет пен қамқорлыққа лайық Соғыс ардагерлері құрмет пен қамқорлыққа лайық Соғыс ардагерлері құрмет пен қамқорлыққа лайық Соғыс ардагерлері құрмет пен қамқорлыққа лайық

Жыл жаңарар тұста Президент Іс басқармасына қарасты кәсіпорындар қалыптасқан дәстүр бойынша соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетіп, қуаныш сыйлады, қариялардың ақ батасын алды.

Ерлік пен еңбектің зейнеті

Алматыдағы Ұлттық госпиталь өкілдері клиниканың пациенті, соғыс ардагері Дарбала Жабатаеваны 98 жылдығымен құттықтады.

Дарбала Әміржанқызының өмір жолы таңғажайып оқиғаларға толы. Ол Қостанай облысында жоғары сыныпта оқып жүргенде соғыс басталды. Оқушы қыз құрбыларымен бірге Ресейдің Клин қаласына эвакуацияланған зауытта жұмыс істеу үшін оқуға аттанды. Алайда, жолай Свердловскіден түсіп қалып, әскери комиссариатқа барып, майданға баратын еріктілер қатарына жазылды. Байланысшылардың жеделдетілген курстарынан өтіп, бірден алдыңғы шепке – қан майданның ортасына аттанды.

Соғыс қасіреті туралы ардагер әлі күнге дейін айтпайды. Жас кезінде адам бәрін басқаша қабылдайды, трагедияны сезінбейді дейді. Ол қашанда жинақы, жауапкершілігі зор, қысқа сөйлейтін адам ретінде ерекшеленіп тұратын. Содан болар, соғыстан кейін партиялық қызметке кірісіп, отыз жылын арнады. Жас кезінде демалыс пен мереке күндеріне қарамай жұмыс істеді. Үш бала сүйіп, барлығын өсіріп-жеткізді. Бүгінде солардан тараған бес немересі мен төрт шөбересінің қызығын көріп отыр.

Ғасырмен құрдас қаһарман қария

Астананың іргесіндегі Қосшы қаласында тұратын соғыс ардагері Нұрқасым Әжітаевтың 100 жылдық торқалы тойына орай, Іс басқармасының ведомстволық қарасты кәсіпорынының басшылығы арнайы сый-сияпат жасады. 1 қаңтар күні қария ғасырлық мерейтойын атап өтеді.

Маршал Малиновскийдің басшылығымен Нұрқасым ақсақал Керчьті азат етуге қатысқан. Ол Курск доғасындағы, Берлинді алу кезіндегі қан-қасаптан аман шыққан. Жеңіс хабарын 293-шы атқыштар дивизиясының құрамында Жапониямен шайқас кезінде естіді.

Ерлігі үшін «II дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Кеңес Одағының маршалы Жуков» медалімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен, «1941-1945 жылдардағы соғыс ардагері» төсбелгісімен және көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Денсаулығын тексеріп, пәтерін жөндеп берді

Жаңа жыл қарсаңында соғыс ардагері Василий Антонович Сердюков те өзіне сый-сияпатын ала келген қонақтарды қарсы алды. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының әкімшілік ғимараттары дирекциясы директорының орынбасары Алмагүл Тұткышпаева әріптестерімен бірге 98 жастағы майдангердің шаңырағына барды.  Іргелі ұжымның атынан құттықтап, жаңа жылдық сыйлықтарын табыс етті.

Василий Антонович осы кездесу қарсаңында кәсіпорын ұжымынан ерекше сыйлық алды. МТҚБ басшылығының бастамасымен, ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының көмегімен соғыс ардагері бірнеше күн бойы толық медициналық тексеруден өту үшін ауруханаға жатқызылды. Қарияның өзі ауруханада емделіп жатқан кезде Әкімшілік ғимараттар дирекциясының қызметкерлері пәтеріне жөндеу жұмыстарын жүргізді: қабырғасын жөндеп, сантехникасын ауыстырды, жарығын дұрыстады. Ардагер үйіне келгенде қуанып қалсын деп, тұрғын үйдің кіреберісін де әктеп қойды.

Жасы жүзге жақындаған ақсақал медициналық көмекке де, үйінің жаңарып қалғанына да балаша қуанып, дән риза болды. Өзіне көңіл бөлген, қамқорлық көрсеткен жандарға зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр, егемен елімізге тыныштық пен береке тілеп, алғысын жеткізді.