ҚР ПІБ Президенттік орталығында «Мен сені музейге апарамын» атты Ашық есік күні өтті. Музей сабақтарына Астана қаласының №104 орта мектебінің оқушылары қатысты.
Іс-шара «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері» атты тақырыптық дәріспен басталып, оқушылар еліміздің мемлекеттік туының, елтаңбасы мен әнұранының шығу тарихын пысықтады. Дәріскер рәміздердің геральдикалық белгілерін егжей-тегжейлі талдап, олардың мағынасы мен идеологиялық сипаты туралы баяндады. Сонымен қатар Әнұран мәтінін талдап, оның мағынгасы қаншалықты терең екендігін түсіндірді. Оқушыларға ҚР Президенттік орталығының музейі және мұрағат қорларынан алынған тарихи құжаттар көрсетілді.
«Батырлық институты: дәстүрлер, мәртебесі және қару-жарақ» сабағы «Қазақстан әлемдік қоғамдастықта» музей залында өтті. Мұнда балалар қару сыйлау салты туралы білді, көрмеде ұсынылған қару-жарақ коллекцияларымен танысты. «Бес қару» ұғымын аша отырып, дәріскер қазақ батырының бес қаруы және жалпы батырлық институты туралы айтып берді.
Музейдің интерактивті залында өткен «Қазақтың музыка өнері» сабағында оқушылар қобыз, домбыра және жетіген сынды ұлттық аспаптарымыздың пайда болу тарихы мен оларды жасау ерекшеліктерімен танысты. Музыкалық аспаптардың дыбысын тыңдады. Дәріскер оқушыларға көрнекті қазақ композиторлары мен музыканттарының өмірі мен шығармашылығы туралы айтып берді.