ҚР ПІБ Парламент институтының мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру бағдарламасы қыркүйек айының ортасында Семей қаласында бастау алған болатын. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтуға бағытталған іс-шара еліміздің барлық өңірлерін қамтыды.
Заң шығару және құқық қолдану мәселелері бойынша біліктілікті жетілдіру бағдарламасына 3400 депутат пен мәслихат аппараттарының қызметкерлері қатысты. Елордада өткен қорытынды тренингке республикалық маңызы бар Алматы, Астана және Шымкент қалаларының депутаттары жиылды. Оқыту барысында жергілікті басқарудың және халықпен өзара іс-қимылды арттырудың өзекті мәселелері қозғалды.
Тренинг курсын Парламентаризм институтының сарапшылары ЕҚЫҰ кеңсесінің қолдауымен Парламентаризмді дамыту қорымен және Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігімен бірлесіп өткізгенін айта кетейік.
- Мәслихаттар халықпен өзара іс-қимылдың тиімді жүйесін құруда шешуші рөл атқарады. Депутаттардың жұмысы жергілікті өзін-өзі басқарудың заманауи үлгісін қалыптастыруда бағдарға айналып келеді, - деп атап өтті Парламентаризм институтының директоры, заң ғылымдарының докторы Қанатбек Сафинов өзінің құттықтау сөзінде.
Ол сондай-ақ тренинг мәслихаттар арасындағы диалогты және тікелей байланысты нығайтуға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.
Мемлекет пен қоғамның өзара байланысының негізгі буыны ретінде мәслихаттар институтын нығайту жергілікті өзін-өзі басқарудың пәрменділігіне, оның халық мүддесіне бағытталуына, Қазақстанда өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етуге тиіс.