Елордада ҚР Президенті Іс басқармасының қызметкерлері дәстүрлі спартакиада аясында волейболдан шеберлік байқасты.
Жарысқа Медициналық орталық, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы, Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы, ҚР Президентінің Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы, Автошаруашылық, Инженерлік-техникалық орталық, «Бүркіт» авиакомпаниясы, «Бурабай Даму» кәсіпорны, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының автошаруашылығы, Қазқұрылысжүйесі, ҚР Президентінің Телерадиокешені, Іс Басқармасының орталық аппараты, сондай-ақ жарыс қонағы ретінде шақырылған Парламент аппараты қызметкерлерін қоса алғанда барлығы 13 команда қатысты.
Әр команда сапында ең көбі 10 ойыншы өнер көрсетті. Команда құрамында міндетті түрде 1 нәзік жанды, сондай-ақ жасы 45-тен асқан 1 егде ойыншының болуы міндеттелгенін де айта кетейік.
Алғашқы іріктеу кезеңдерінде командалар екі топқа бөлініп, әрқайсының мықтылары анықтады. Осы екі топтан суырылып шыққан төрттік жүлделі орындарға таласты.
Жарыс қорытындысы бойынша, ҚР Президентінің Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы бас бәйгені жеңіп алды. Екінші орын Медициналық орталық мамандарынан құралған командаға бұйырды. Автошаруашылық ұжымы жүлделі үшінші орынды иеленді.
Шеберлігімен көзге түскен жекелей ойыншылар да назардан тыс қалған жоқ. Мирас Туляков «Үздік шабуылшы» атанса (ҚР ПІБ Автошаруашылығы), Владимир Табунщик «Үздік плеймейкер» (Қазқұрылысжүйесі) деп танылды. Ерлер арасында Нұржан Нұрғазиев «Үздік ойыншы» (Әкімшілік ғимараттар дирекциясы), нәзік жандылар арасында Алина Шефер «Үздік ойыншы» (Медорталық) атанды. Бүгін ғана 55 жасқа қадам басқан ҚР ПІБ қызметкері Рахат Бекқадамов «Үздік ардагер ойыншы» аталымымен мараратталды. Жеңімпаз бен жүлдегер командаларға, сондай-ақ шебер ойыншыларға тиісті дипломдар мен естелік сыйлықтар тапсырылды.
Жыл сайынғы дәстүрлі спартакиада аясында бұған дейін тоғызқұмалақ, үстел теннисі, шағын футбол, қазақ күресі, бильярдан жарыс өткенін айта кетейік. Жыл басынан бері жалғасып келген дода волейболмен түйінделіп отыр. Жалпы есепте жеңімпаз атанған және жүлдегер болған командаларды алда марапаттау салтанаты күтіп тұр.