Отбасылық кәсіпкерліктің жұмысын заң жүзінде айқындау отбасылық кәсіпорындардың дамуына, жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың, әсіресе өңірлердегі тұрғындардың әл-ауқат арттыруға ықпал етеді. Qrnews порталында жарияланған мақалада еліміз үшін өзекті саналатын осы тақырып қозғалды.
Парламент Сенатының депутаттары тиісті заң жобасын әзірлеуге және қабылдауға бастамашы болған-ды. Парламентаризм институтының сарапшылары халықаралық тәжірибені зерттеу барысында отбасылық кәсіпкерлік тұрақты экономикалық өсуге ықпал етеді деген қорытындыға келді.
Мысалы, Еуропа елдерінде отбасылық компаниялардың үлесі аймаққа байланысты 65% - дан 80% - ға дейін жетеді. Осындай компанияларда еңбек ететіндердің үлесі жалпы жұмыс орындарының 50%-на дейін жетеді.
Ұлыбритания мен АҚШ-та еңбекке қабілетті халықтың 60% - дан астамы отбасылық бизнесте жұмыс істейді, ал америкалық Walmart супермаркеттер желісі әлемдегі ең ірі отбасылық компания саналады. Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Жапония және көршілес Өзбекстан сияқты елдердің тәжірибесі отбасылық бизнесті заңнама арқылы қолдау дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды сақтай отырып, экономиканы нығайтуға ықпал етеді.