ҚР ПІБ Президенттік орталығында елорданың Сарыарқа ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына баратын қарияларға арналған экскурсия өтті. Аға буын өкілдері «Адамзат, ескерткіштер мен табиғат туралы триптих» және «Тарихта мәңгілікке ізі қалған» көрмелерді аралады.
«Адамзат, ескерткіштер және табиғат туралы триптих» көрмесіне үнді мәдениеті мен өнерінің бай мұрасын көрсететін Бихар мұражайының 50-ден астам жәдігері қойылған.
Ал «Тарихта мәңгілікке ізі қалған» атты көрмеде қариялар Жамбыл өңірінде әр жылдары жүргізілген ғылыми-археологиялық жәдігерлерді, әлемдік маңызы бар бірегей артефактілерді тамашалады. Сондай-ақ олардың назарына түркі, қараханид, моңғол, саманид теңгелерінің айналымда болған ең құнды топтамаларын, орта ғасырдағы қыш ыдыстар ұсынылды. Асанбай Асқаров, Бауыржан Момышұлы, Асанәлі Әшімов, Шерхан Мұртаза, Кенен Әзірбаев, Жақсылық Үшкемпіров және де басқа осы өңірден шыққан тұлғалардың жеке заттары, фотосуреттері де осы жерде екенін айта кетейік.
ҚР ПІБ Президенттік орталығы әрдайым егде жастағы қонақтарға арналған іс-шаралар ұйымдастырып тұрады.