Астанада Медициналық орталық ауруханасы Ядролық медицина орталығының базасында «Ходжкин лимфомасының эволюциясы: жетістіктер және жаһандық инновациялар» атты практикалық конференция өтті. Іс-шараға Қазақстанның әр өңірінен және шетелден келген 60-тан астам дәрігер қатысты.
Алқалы жиынның айтулы қонағы Кореяның Католиктік университеті жанындағы Әулие Мария ауруханасының Лимфома орталығының профессоры Чон Ён У болды, ол лимфоманы емдеудің инновациялық тәсілдері туралы баяндама жасады.
Сондай-ақ, іс-шарада Халықаралық медициналық орталықтың топ жетекшісі Ким Су Нам сөз сөйледі. Жетекші қазақстандық онкогематологтар, онкологтар және патоморфологтар да онкогематологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу саласындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Конференцияның негізгі мақсаты Ходжкин лимфомасын диагностикалау мен емдеудің негізгі бағыттары бойынша пікір алмасу және тәжірибе алмасу болды. Қатысушылар морфологиялық және радиоизотоптық диагностиканың заманауи әдістерін, сондай-ақ Қазақстанда қолданылатын терапевтік тәсілдерді талқылады.