ҚР ПІБ Президенттік орталығында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тарих танабындағы таңба» атты көрмесі өтіп жатыр.
Көрме Президенттік орталық музейінің «Қазақстан жолы» жобасы аясында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейімен бірлесіп ұйымдастырылғанын айта кетейік.
Облыстың 85 жылдығына орай ашылған көрмеге келушілер өлкенің сан ғасырлық тарихымен, материалдық рухани мұраларымен, атақты тұлғалардың өмірімен танысады. Көне жәдігерлер кезінде өркениет ошағы болған өңір тарихынан сыр шертеді.
«Жамбыл облысы - тарихи орындардың, бірегей жәдігерлердің қазынасы. Осы өңірден аумағында 116 ежелгі қоныс табылған, олардың көбі өз заманында Ұлы Жібек жолының бойында ғылым, қолөнер және сауда орталықтары қызметін атқарған ірі қалалар. Қазіргі таңда Жамбыл облысы – еліміздің маңызды өндірістік, ғылыми, білім беру, мәдени орталықтарымен танымал туристік орындарының бірі», – деп атап өтті. Президенттік орталық директоры Бақытжан Темірболат.
Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева елордадағы көрмеге Жамбыл өңірінде әр жылдары жүргізілген ғылыми-археологиялық зерттеу кезінде табылған жәдігерлер, әлемдік маңызы бар бірегей артефактілер әкелінгенін жеткізді.
«Атап айтқанда, археологиялық коллекцияның бірегей топтамалары - түркі, қараханид, моңғол, саманид теңгелерінің айналымда болған ең құнды топтамалары, орта ғасырдағы қыш ыдыстар, үлкенді-кішілі шырағдандар, хош иісті әтірлер мен дәрілік заттарды, сынаптарды сақтауға арналған жұмыртастар, Айша бибі кесенесінің түпнұсқа кірпіштері бар», - дейді Сара Мәдиева.
Сонымен қатар, Асанбай Асқаров, Бауыржан Момышұлы, Асанәлі Әшімов, Шерхан Мұртаза, Кенен Әзірбаев, Жақсылық Үшкемпіров және де басқа осы өңірден шыққан тұлғалардың жеке заттары, фотосуреттері де көрмеге қойылып отыр.
Көрме қараша айының соңына дейін жалғасуға тиіс.