Республика күні қарсаңында ҚР ПІБ Президенттік орталығының қызметкерлері елордадағы Ы.Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназияда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері» тақырыбында көшпелі музей сабағын өткізді.
Оқушылардың таным көкжиегін кеңейтіп, патриоттық сезімін нығайтуға бағытталған іс-шарада дәріскерлер Мемлекеттік ту мен Елтаңбаның әрбір элементіне жан-жақты тоқталып, мән-маңызын түсіндірді. Әнұранның мәтініне мазмұндық талдау жасады.
Көрнекілік ретінде Президенттік орталық музейі мен архив қорындағы тарихи құжаттар, соның ішінде Егемендік туралы декларацияның көшірмесі оқушылар назарына ұсынылды.
Мектеп-гимназияның 7 «Қ» сыныбының оқушысы Райыс Қадыс:
- Президент орталық мамандарына көп рахмет. Сабақ қызықты өтті, құнды ақпараттармен таныстық. Елтаңбадағы 41 элементтің әрқайсысын жеке талдап, Әнұранымыздың шығу тарихы туралы хабардар болдық, - дейді.
Президенттік орталық қазан айының басынан бері елордадағы орта мектептерде 28 музей сабағы мен семинар-тренинг өткізгенін атап өткен жөн. Бұл іс-шараларға мыңға тарта оқушы қатысты.