ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығының ауруханасы Ядролық физика институтымен бірлесіп онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу үшін ядролық медицинаның жаңа технологияларын енгізуді бастады.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ядролық медицина жөніндегі штаттан тыс бас маманы, ҚР ПІБ МО ауруханасының ядролық медицина орталығының басшысы, медицина ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасова хабарлады.
«Әлемдік медицина ғылымы тераностика бағытында алға қадам жасады. Қазақстан да басқа елдерден қалыспайды. «Тераностика» термині терапия және диагностика деген халықаралық екі сөзден тұрады. Яғни, біз изотоппен дертті ерте бастан диагностикалап қана қоймай, емдей алатынымызды білдіреді. Мұндай дәрінің басты ерекшелігі – дәл жеткізу моделі. Яғни, ол обыр клеткаларына тән молекулаларды танып, емдік және диагностикалық агентті зардап шеккен жасушаларға дәл жеткізе алады, - деп атап өтті Айгүл Сәдуақасова.
Ғалым қазіргі таңда Ядролық медицина орталығы аясында осындай радиофармацевтикалық препараттардың көмегімен онкологиялық аурулардың диагностикасы ғана жүріп жатқанын айтты.
«Бұл технологиялар – онкологияны емдеудің жаңа белесі, ол науқастарға, жалпы еліміздің денсаулық сақтау саласына қажет. ПІБ Медициналық орталығының ауруханасында Қазақстандағы ең озық Ядролық медицина орталығына бар, сондықтан біз тераностика технологияларын енгізіп, бейімдей бастаймыз, - деді Ядролық медицина орталығы басшысы.
Өз кезегінде Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев қандай препараттар шығаруды жоспарлап отырғанын хабарлады.
«Біздің институт тек іргелі және қолданбалы ғылыммен айналысумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар Онкологиялық дерттерді емдеуге арналған радиофармацевтикалық препараттар өндірісі де бар. Жыл соңына дейін шығарылатын радиофармпрепараттар тізімін кеңейтіп, Самарий-225 және Лютеций-177 препараттарын да көздеп отырмыз», - деді С.Сахиев.
Айгүл Сәдуақасованың айтуынша, тераностика технологияларын дамыту және бейімдеу Атом энергетикасы мен ядролық медицинаны дамыту жөніндегі Жол картасына енді. Яғни, 2024-2030 жылдар аралығында 7 жылды қамтуға тиіс. Құжат ҚР Үкіметі жанынан құрылған Ядролық физиканы (радиохимияны) дамыту жөніндегі кеңес жұмысының шеңберінде іске асырылады.
«Келесі жылы біз радиоэмболизацияны енгізгіміз келеді. Бұл не екенін түсіндіре кетейін. Радиоэмболизация – бауыр артериясы арқылы изотоптарды бауырдың ісік тініне оның сау бөлігіне әсер етпей, ағзаға уытты әсер жасамай енгізу. Бұл әдіс изотоптарды аз қолдану арқылы ісіктің өзін некротизациялауға мүмкіндік береді. Яғни, онкологияда химиясыз және сәулелік әсерсіз емдеудің балама жолы пайда болады», - деді сарапшы.
Айгүл Сәдуақасова 2024-2030 жылдарға арналған Жол картасы аясында Медорталық ауруханасы базасында Ядролық медицина мәселелері бойынша құзыреттер орталығын ашу жоспарланып отырғанын айтты. Аурухана базасындағы құзыреттер орталығы жаңа радиофармацевтикалық дәрілік препараттарды қолдана отырып, ядролық медицинаның (тераностиканың) заманауи әдістерін әзірлеуге және тестілеуге мүмкіндік береді. Сөйтіп, аурухананың Ядролық медицина орталығының онкологиялық ауруларды диагностикалап, радиомаркерлерді пайдалана отырып метаболикалық зерттеу жүргізуі үшін жаңа маркерлерді енгізу саласындағы жетістіктерінің ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ауруды ерте бастан анықтауға, оның сипаттамаларын да ерте әрі дәл табуға жол ашылады. Бұл науқастарды емдеу ісінде аса маңызды.