ҚР Президенті Іс басқармасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат Kazpravda.kz-те жарияланған мақаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділ Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында ұсынылған реформалар туралы пікірімен бөлісті.
Автор Мемлекет басшысы әділ қоғам құрудың стратегиялық бағытын берік ұстана отырып, экономиканы одан әрі жаңғыртуға, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар нақты шараларды ұсынғанын атап өтті.
Президенттік орталық директоры қабылданған шаралардың ауқымды және жүйелі сипатын айқын көрсетеді деп санайтын екі нақты реформаға жеке тоқталды.
«Ең алдымен, бұл салық жүйесін реформалау, оның негіздерінің бірі – сән-салтанат салығы. Жаңа Салық кодексінде пайыздық мөлшерлеме табыс мөлшерімен байланысты жеке тұлғалар үшін прогрессивті салық салу шкаласы қарастырылған. Басқаша айтқанда, табысы жоғары азаматтар салықты көбірек, ал табысы төмен азаматтар аз төлеуі тиіс», - деп атап өтті Б.Темірболат.
Оның пікірінше, бұл бюджетке түсетін түсімді ұлғайтуға мүмкіндік береді, сөйтіп мемлекеттің өзінің әлеуметтік міндеттемелерін тиімдірек орындауына және тиісінше халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға табиғи түрде ықпал етеді.
«Әділ Қазақстан моделіне тағы бір маңызды қадам – азаматтардың мемлекетті басқаруға атсалысуын күшейту. Қазақстандықтар өкілетті органдарға нақты кандидаттарды таңдауға, тіпті қандай да бір партияға қосылмай-ақ өзін ұсынуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, азаматтар енді бір мандатты округтер бойынша сайланған депутаттар жұмысына көңіл көншітпеген жағдайда олардың өкілеттік мерзімінің аяқталуын күтпей-ақ кері шақырып ала алады, - деді Президенттік орталықтың директоры.
Ол Жолдауда айтылған реформалардың басты мақсаты қарапайым адамға, оның мүдделері мен қажеттіліктеріне бағыт бұру, азаматтар мен азаматтық қоғамды мемлекетті басқару үдерісіне тарту деп түйіндеді.
Мақаланың толық мәтінімен сілтеме арқылы танысуға болады.