Астанада Дүниежүзілік туризм күніне орай «Қазақстандағы тұрақты туризм» атты Fishbowl-дискуссия өтті. Іс-шараны ҚР Президенттік орталығы, Еуразиялық туризм қауымдастығы, Астана қаласының қалалық туризмді дамыту орталығы және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды, деп хабарлайды Inform.kz.
Талқылауға орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, қазақстандық жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы және еліміздің жетекші туристік операторлары қатысты.
Іс-шара Қазақстанда тұрақты туризмді дамытудың ағымдағы мәселелері мен болашағын талқылауға арналған бірегей алаңға айналды. Ол ҚР Президенті Іс басқармасы мен БҰҰ-ның Дүниежүзілік туристік ұйымы (UNWTO) арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылғаннан кейін ерекше өзектілікке ие болды. Меморандум республикадағы туристік секторды жаңғыртуға бағытталған.
ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат өзінің кіріспе сөзінде туризм әлемдік экономиканың қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі, оның өсу қарқыны басқа салалардан екі есе жоғары екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің туристік әлеуетін дамыту стратегиялық маңызды екенін айтты. Сонымен бірге, туризмнің дамуы қоршаған ортаны қорғаумен және мәдени мұраны сақтаумен қатар жүруі тиіс екенін ерекше атап өтті. Биылғы жылы туризм саласына салынған инвестициялар өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артып, 390 миллиард теңгеден асты», — деді Б. Темірболат.
«Атамекен» ҰКП Туризм саласы комитетінің төрағасы Юлия Якупбаева өз сөзінде Қазақстан үшін туризмнің басым бағыттары экологиялық және мәдени туризм екенін айтты, өйткені еліміз бірегей табиғи аймақтарға, сондай-ақ бай мәдени және тарихи мұраға ие, бұл туристерді тартуда маңызды рөл атқарады.
Айта кету керек, ашық талқылау барысында қатысушылар Қазақстандағы туризм саласындағы өзекті мәселелер мен мүмкіндіктерді талқылап, отандық туристік инфрақұрылымды жақсартуға, инвестицияларды тартуға, елдің табиғи және мәдени мұрасын сақтауға, озық цифрлық технологиялардың тиімді құралдарын пайдалана отырып, республикада туристер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған ұсыныстар әзірледі.