Бүгін ҚР Президентінің Іс басқармасында Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған өзекті мәселелерді, сондай-ақ алдағы референдумның маңыздылығын талқылауға арналған семинар-жиын өтті.
Отырысқа орталық аппарат қызметкерлері, Іс басқармасына қарасты кәсіпорындардың басшылық өкілдері, тәлімгерлері және кадр қызметінің жетекшілері қатысты. Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Мирас Әбдірахман арнайы шақырылды.
Алқалы жиынды жүргізген ҚР ПІБ жүйесінің Бас тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Бөрібай Князбаев:
- Бүгінгі отырысымыз еліміздің өміріндегі маңызды оқиғалармен тұспа-тұс келіп отыр. Өздеріңізге белгілі, жуырда ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Сондай-ақ Қазақстанда атом электр станциясын салуға қатысты халықтың пікірін білу үшін 6 қазанда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойғанын білесіздер, – дей келіп, күн тәртібіндегі негізгі тақырыптар бойынша баяндамашыларға сөз берді.
Парламентаризм институтының атқарушы директоры Алмас Қанатов Жолдауда айтылған өзекті мәселелер жөнінде ауқымды баяндама жасап, құжаттың негізгі ережелерін түсіндірді. Депутаттардың осы бағытта жүргізіп жатқан заң шығару жұмысы туралы айтты.
АЭС құрылысы бойынша алдағы референдумға дайындық аясында Ядролық физика институтының Астана филиалының ғылыми қызметкері Мәлік Қалиақперов сөз сөйледі. Ол еліміздің болашағы үшін АЭС құрылысының стратегиялық маңыздылығын, экологиялық қауіпсіздігін және экономикалық тиімділігін атап өтті, «Қазақстанның атом саласын дамыту» тақырыбында презентация жасады. Сөз соңында жиналғандардың көптеген сұрағына жауап берді.
Іс басқармасының Ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің басшысы Ербол Адаев спикерлер баяндамасының мазмұндылығын атап өтіп, ризашылығын білдірді. Ол күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігіне тоқтала келіп, қатысушыларды ел өміріндегі маңызды оқиғалардан тыс қалмауға, оған белсене атсалысуға шақырды.