Семейде еліміздің бес өңірінің мәслихат депутаттарына арналған тренинг өтті. Іс-шара Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы, Жетісу және Абай облыстарының халық қалаулылары мен мәслихат аппараттарының қызметкерлеріне әдістемелік көмек көрсету шеңберінде ұйымдастырылды.
Парламентаризм институты директорының орынбасары Ләззат Сүлеймен тренингке қатысушылар назарын Президент Жолдауының негізгі аспектілеріне аударды. Ол жергілікті депутаттар жұмысының маңызды бағыттарының қатарында қоғамдық бақылауды күшейту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, балаларды қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдату, халықтың несиеге тәуелділігін төмендету қажеттігін атап өтті.
Кездесуде мәслихаттардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты, бюджеттерді бекітуге, жергілікті бағдарламалардың орындалуын бақылауға қатысты ашықтықты арттырудағы олардың рөлі, азаматтардың өтініштерін өңдеу үшін бірыңғай экожүйені құрудың маңызы, халықтың сауатын арттыруға атсалысу, мәслихаттардың рөлін нығайту және олардың жергілікті саясатқа әсерін күшейту, абаттандыру, дамыту, кәсіпкерлік және басқа да қоғамдық маңызы бар мәселелер талқыланды.
Парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Баталова мәслихаттардың қызметін нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету жөнінде баяндама жасады.
Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар алдында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айнұр Арғынбекова, Абай облысы мәслихатының төрағасы Қуаныш Сүлейменов, ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесінің өкілі Әсел Қаратаева, «Балама» өзекті зерттеулер орталығының директоры, Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының ғылыми жетекшісі Мереке Ғабдуалиев, парламентаризм институтының сарапшылары баяндама жасады.