Елордада ҚР Президенті Іс басқармасының қызметкерлері дәстүрлі спартакиада аясында бильярдтан шеберлік байқасты.
Жарысқа Медициналық орталық, Медорталық ауруханасы, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы, Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы, Әкімшілік ғимараттар дирекциясы, Автошаруашылық, Инженерлік-техникалық орталық, «Бүркіт» авиакомпаниясы, ҚР Президентінің телерадиокешені, Медтехнологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы, «Астана-20» мемлекеттік қоры, Президенттік орталық, Қазқұрылысжүйесі, «Бурабай-Даму» және Іс Басқармасының орталық аппараты қызметкерлерінен құралған 15 команда қатысты.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде ҚР ПІБ аппаратының басшысы Серік Кенжебаев сөз алып, дәстүрлі спартакиада ұжымдық бірліктің нығая түсуіне ықпал етіп келе жатқанын атап өтті, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Тартысты тастаяқ сайысында командалар сапында 3 ойыншы бақ сынады. Әр кездесу сайын жеңіліс тапқан команда жарыс жолынан сырт қалып отырды.
Турнир басталғаннан қарсылас шақ келтірмеген Іс Басқармасына қарасты Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы ақтық кезеңге алқынбай жеткен-ді. Финалда да мықтылығын көрсетіп, бас бәйгені жеңіп алды.
Екінші орын Медициналық орталық мамандарынан құралған командаға бұйырды. Әкімшілік ғимараттар дирекциясының ұжымы жүлделі үшінші орынды иеленді.
Шеберлігімен көзге түскен жекелей ойыншылар да назардан тыс қалған жоқ. Қазқұрылысжүйесінің сапында өнер көрсеткен Торғай Нұрғазин турнирдің «Үздік ойыншы» номинациясына лайық деп табылды. Ал «Бурабай-Даму» кәсіпорнының қызметкері Жанат Садуов «Әдемі ойын өрнегі үшін» марапатталды.
Жеңімпаз бен жүлдегер командаларға, сондай-ақ шебер ойыншыларға тиісті дипломдар мен естелік сыйлықтар тапсырылды.