Биылғы жылдың 7 айында ҚР ПІБ Президенттік орталығына келген қонақтар саны 57 мыңнан асты. Олардың ішінде еліміздің ғана емес, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция, Германия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Моңғолия және тағы басқа шет мемлекеттердің азаматтары бар.
Президенттік орталық – президенттік институт призмасы арқылы Қазақстанның тәуелсіздік тарихына арналған ірі музей, мәдени-ағарту мекемесі. Бір шаңырақ астына музей, мұрағат және кітапхана сынды бірнеше нысан біріккен орталықта музей жәдігерлері, мұрағат құжаттары мен кітап басылымдарының бай коллекциясы жинақталған.
Келушілер назарын аударатын басты орындардың бірі Президенттік орталық музейі. Мұндағы экспонаттар озық цифрлы технологиялармен және интерактивті ресурстармен үйлесім тапқан, музей аралауды қызықты саяхатқа айналдыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қорда бейнелеу және сәндік өнер, нумизматика, суық қарулар мен атыс қарулары, киім-кешек, ыдыс-аяқ, тоқыма бұйымдары, киіз, зергерлік бұйымдар, кәдесыйлар және т.б. жинақтарды қамтитын 12 мыңға жуық экспонат бар.
Қаңтар-шілде айлары аралығында ұйымдастырылған 16 тақырыптық көрме аясында Президенттік орталық жинақтарындағы бірегей тарихи жәдігерлер де қалың көрерменге ұсынылды. «Талғампаз және таңғажайып пішіндер әлемі», «Дала әуендері», «Дипломатиялық сыйлықтар – достықтың символы», «Атыс қаруы: тапанша тарихы», «Өнер біріктіреді: Қазақстан-Үндістан», сондай-ақ «Шанхай ынтымақтастық ұйымы: бейбітшілік пен келісім аймағы» көрмесі келушілер арасында үлкен қызығушылық тудырды.
Президенттік орталық музейінің және кітапхананың қорларына жүгінген отандық және шетелдік зерттеушілер мен студенттердің саны айтарлықтай өсті. Оқу залында кез келген азамат мемлекеттік құрылымың теориясы мен тәжірибесі, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің мемлекеттілік тарихы, елімізде президенттік институттың қалыптасуы мен дамуы туралы мұрағат құжаттарымен және кітап басылымдарымен танысады. Оқырмандар 150 мыңнан астам мұрағаттық құжаттар мен 40 мыңнан астам кітаптар мен мерзімді басылымдарға қол жеткізе алады. Кітапхана қоры Қазақстан Президенттерінің жеке мұрағатындағы құжаттар, сирек басылымдар, заманымыздың көрнекті қайраткерлеріне арнаған қолтаңбасы бар ерекше кітаптармен толыққан.