Елордада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті қарсаңында қазақстандық Silk Way телеарнасы мен қытайлық CGTN бірлескен бағдарламар сериясын шығара бастады.
Бағдарламалар екі телеарнаның эфирінде ғана емес, цифрлы медиатұғырнамаларында да жарық көретінін айта кету керек.
Арнайы жаңалықтар блогында Silk Way TV мен CGTN журналистері Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында қол жеткізілген жетістіктер, Қазақстан мен Қытайдың екіжақты ынтымақтастық қарым-қатынастары туралы баяндалады. Үкіметаралық байланыстар, экономикалық әріптестік және мәдени тақырыптар қамтылады.
Қазақстандық телеарнаның штаб-пәтеріне келген CGTN жаңалықтар бөлімі директорының орынбасары Сюй Чжаоцюнь екі телеарнаның миссиялары мен міндеттері өзара үйлесетінін атап өтті.
ҚР Президентінің Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева медиакорпорациялардың бірлескен жобалары Қазақстан мен Қытай арасындағы достық жібін бекемдей түсетінін жеткізді.
Алдағы уақытта отандық телеарналарда көрші елдің мәдениеті мен сат-дәстүрі туралы бағдарламалар шығармақ.
Өзара әріптестік шеңберінде Silk Way TV арнасының елордадағы штаб-пәтерінде бірлескен дөңгелек үстел өткізу де жоспарланып отыр.