Бүгін ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институты Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттарымен бірлесіп «Қатты тұрмыстық қалдықтар мәселелері және оларды кәдеге жарату. ӨКМ-ні одан әрі жетілдіру мәселелері» атты шара өтті.
Басқосуға Парламентаризм институты директорының орынбасары Ләззат Сүлеймен, талдау жұмысы жөніндегі атқарушы директоры Дәурен Әділбеков және жеке заңнама орталығының басшысы Меруерт Қабылбаева қатысты.
Сенат комитетінің төрағасы Әли Бектаев өткен жылы Қазақстанда 4 миллион тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықтар пайда болғанын, оның 24% - ы қайта өңделіп, кәдеге жаратылғанын хабарлады. Ол Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес, бұл межені 2050 жылға қарай 50% - ға дейін ұлғайту жоспарланып отырғанын атап өтті.
Парламентаризм институтының директоры Қанатбек Сафинов өз сөзінде қалдықтарды жаратудағы мәселелерін шешуге мекеме белсенді қатысып жатқанын атап өтті. Одан бөлек, 2024 жылдың 28 ақпанында және 4 маусымында осы тақырып бойынша бірнеше жұмыс жиналыстарын өткізгенін атап өтті. Онда қалдықтарды басқарудың әртүрлі аспектілері және оларды жақсарту жолдарын іздеу талқыланды.
Қ. Сафинов бұл процеске қатысқаны үшін табыс табуға мүмкіндік бере отырып, қалдықтарды сұрыптауға халықты тарту қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол автомобиль өнеркәсібінің кәдеге жарату төлемдерін басқа төлемдерден бөліп, ӨКМ шеңберінде қаражатты жұмсау бағыттарын қайта қарауды ұсынды. Институт директорының пікірінше, қалдықтарды басқару тек экологиялық Кодекспен ғана емес, жеке заңмен реттелуі керек, бұл процесті тиімдірек ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Дөңгелек үстел барысында Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев, Қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығы ЗТБ төрағасы Батырбек Әубәкіров және басқа да мамандар сөз сөйледі.