Басты бетБАҚ: Тазыны Қазақстанның бренді ретінде тіркетуге ықпал ететін көрме

БАҚ: Тазыны Қазақстанның бренді ретінде тіркетуге ықпал ететін көрме

БАҚ: Тазыны Қазақстанның бренді ретінде тіркетуге ықпал ететін көрме БАҚ: Тазыны Қазақстанның бренді ретінде тіркетуге ықпал ететін көрме

Бүгін елордада Халықаралық иттер көрмесі өтті. Қазақстан Кинологтар одағы ұйымдастырған іс-шара аясында арнайы халықаралық комиссия 100-ге жуық қазақы тазыны тексеруден өткізді.

Зерттеу қорытындысы бойынша комиссия арнайы қорытынды шығаруға тиіс. Қорытынды нәтижесі Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) Бас комитетінің қазақы тазыны халықаралық деңгейде мойындау және «Kazakh Tazy» брендін Қазақстанның атына бекіту туралы шешіміне негіз болады.

Қазақстан Кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали Halyq Uni тілшісіне берген сұхбатында:
- Бүгін тарихы маңызы бар іс-шара өтіп жатыр. Бұл көрмеге барлық өңірден нағыз аңға салатын асыл тұқымды иттер қатыстырылды. Жүзден астам тазы әкелінді. Көрме нәтижесінде арнайы комиссия қорытынды шығарып, соның негізінде Халықаралық кинология федерациясы қазақ тазысын мойындау жөнінде шешім қабылдайды, - деп атап өтті. 

Бауыржан Серікқалидың айтуынша, Халықаралық аккредитациядан өткен Одақ қазіргі таңда 3-3,5 мыңға тарта тазыны тіркеуге алыпты. Бір-екі жылдың ішінде тіркелген тазының саны екі-үш есе өсуге тиіс, себебі қазіргі таңда ауылдарда құжатсыз жүргендері көп. Солардың барлығын тексеруден өткізіп, стандартқа сәйкестігі расталғаннан кейін тиісті құжат беріліп, есепке алынады. 

- Бұл көрме тек бәсекелестік немесе иттердің сүйкімділігін көрсету үшін  ұйымдастырылып отырған жоқ. Еліміздің ұлттық мақтанышы мен мәдени мұрасының нышаны – қазақы тазы тұқымын ұлттық қазына және бренд ретінде бекіту және халықаралық деңгейде таныту мүмкіндігі, - дейді Қазақстан Кинологтар одағының президенті.

Қазақы тазыны халықаралық деңгейде мойындату үшін FCI міндетті талаптарының бірі оларды зерттеу,  елдегі жай-күйі мен даму перспективаларын зерттеу екенін атап өткен ләзім.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазы мен төбетті қорғау мәселесіне назар аударып, оны қолға алуды 2002 жылы Президент Іс басқармасына тапсырған болатын. Президент: «Тазы - халқымыздың жеті қазынасының бірі, сондықтан бұл асыл тұқымды итті жоғалтып алмауымыз керек. Үкімет пен қоғамдық ұйымдар бірлесіп, тиісті іс-шараларды қолдануы қажет, деген еді.  

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Президент Іс басқармасы осы мәселені назарға алып, мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестірумен айналысты. Жұмыс тобы құрылып, Экология және табиғи ресурстар министрлігі өкілетті орган ретінде бекітілді. Былтыр ұлттық құндылығымыз саналатын ит тұқымдарын қорғауға бағытталған заң қабылданды.  

Осы орайда, 2023 жылы жазда Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) Бас Ассамблеясының отырысында Қазақстан кинологтары одағы осы ұйымның толыққұқылы мүшесі деп танылғанын ерекше атап өткен жөн. 
Елордада өткен Халықаралық иттер көрмесі де тазы мен төбетті сақтау және жаңғырту бағытында ұйымдастырылып отыр. 

Жалпы, халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде құмай тазы мен тарлан төбет ерекше орын алғаны баршаға белгілі. Сол үшін де бабаларымыз оны жеті қазынаның біріне балаған. Ұлттық ит тұқымдарын сақтау мен қорғау бағытындағы жұмыс алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.

Халықаралық иттер көрмесі туралы БАҚ-тарда жарияланған материалдармен мына сілтемелер арқылы танысуға болады:
https://halyq-uni.kz/aleumet/35693-elordada-tazy-kormesi-otip-zhatyr/

https://biz.kz/aza-y-tazyny-aza-stanny-brendi-retinde-tirketuge-y-pal-etetin-k-rme-tedi/

https://kaz.inform.kz/news/astanada-halikaralik-itter-kormes-otp-zhatir-0c80ba/

https://inbusiness.kz/kz/last/astanada-itterdin-halykaralyk-kormesi-otip-zhatyr

https://kaz.orda.kz/astanada-kazaky-tazy-tukymdy-itterdi-tanuga-arnalgan-halykaralyk-korme-otti-124615/

https://nege.kz/news/astanada-halikaralik-itter-kormes-otp-zhatir-ef26a2