ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы директорының хирургия жөніндегі орынбасары, нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев отандық медицинаға қосқан үлесі үшін, сондай-ақ ми қантамырларын емдеудегі жетістіктері үшін халықаралық «Алтын скальпель» сыйлығының иегері атанды.
Халықаралық Ғылыми кеңестің шешімімен хирургияда тың жетістіктерге жеткен дәрігерлерге берілетін «Алтын скальпель» сыйлығы - медицина саласындағы мәртебесі жоғары марапат екенін айта кетейік.
Мыңжылқы Бердіқожаев - 20 жылдан астам уақыт денсаулық сақтау саласында еңбек етіп келеді. Ол 1998-2004 жылдары Қарағанды мемлекеттік медицина академиясында білім алған. «Болашақ» президенттік бағдарламасы бойынша Санкт-Петербургтегі С.М.Киров атындағы Әскери-медициналық академияны бітірген. «AlmaU» MBA Healthcare университетін тәмамдаған. PhD докторы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы.
2022 жылдан бері ҚР Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасында директордың хирургия жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.