9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында да ҚР ПІБ Медициналық орталығына қарасты ауруханалар ұжымы жыл сайынғы қалыптасқан дәстүр бойынша өз қамқорлығындағы соғыс және тыл ардагерлерін арнайы құттықтады.
Медорталық ауруханасы мен Ұлттық госпиталь ұжымы ардагерлердің денсаулығына әрдайым көңіл бөліп, қажетті медициналық тексерістерден өткізіп, олардың үйіне арнайы дәрігерлік бригадалар жіберіп тұратынын айта кетейік.
– Біздің мекемеміз қан майданда от кешкен, тылда жан аямай тер төккен ардагерлерімізді, қаршадайынан зауытта бейнет кешкен ата-әжелерімізді назардан тыс қалдырған емес. Мәселен, 15 жасында зауытқа барып, станокта жұмыс істеген Алима Лапина биыл 98 жасқа толды. Бүгінде 93 жасты еңсерген қариялар Муслима Мусина, Күліш Жүнісбекова, Сағира Рахметовалар 10 жасынан бастап еңбекке араласуға мәжбүр болған. 88 жастағы Смағұл Жұмабеков те осы қатарда. Үйінде шұлық, қолғап тоқып, майданға жіберген 87 жастағы тыл ардагері Клара Рахмадиева, 86 жастағы Шарипа Сексенбаева, сондай-ақ балалығын соғыс жылдарында өткізген 84 жастағы Владимир Котелин мен холокост құрбаны, 82 жастағы Жаннета Дунаевалар да аурухана қамқорлығына алынған, – дейді Медорталық ауруханасы емханалық қызмет басшысы Жазира Тұңғышбаева.
Аурухана қызметкерлері мереке қарсаңында 9 ардагерге арнайы құттықтау бағдарлама әзірлеп, қариялардың шаңырағына ат басын тіреді, түрлі сый-сияпат жасады. Ерен еңбегі мен ерлігі үшін бүгінгі ұрпақ атынан шынайы алғыс білдірді.
Тыл еңбеккері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген экономисі, 65 жыл еңбек өтілі бар Смағұл Жұмабековтің де балалық шағы соғыс жылдарына тап келді.
– Балалығымыз ерте аяқталды, колхоздың егістік алқабында өстік. Көкөніс жинадық, бидайдың масағын тердік, шөп ордық. Шыдадық, шыңдалдық. Сол үшін «Тыл еңбеккері» атағын берді. Кейін өмір бойы қаржы жүйесінде қызмет атқардым. Ақмола облысы қаржы басқармасының басшысы, облыстық Салық басқармасының төрағасы, салық қызметінің ІІ дәрежелі мемлекеттік кеңесшісі болдым. Еңбек сіңірген экономист атандым. Іс басқармасы Медорталығының ауруханасына ризамын. Медициналық қызметіне көңілім толады. Бұл жерде керемет адамдар жұмыс істейді. Дәрігеріміз Алмагүл Сайлауқызы мен мейірбике Роза үнемі көмектеседі, шипажайға жолдама алуға жәрдемдеседі. Осы аурухананың пациенті ретінде дән ризамын, - дейді қария.
98 жастағы тыл еңбеккері Алина Лапина да аурухана ұжымының қызметкерлерін қуана қарсы алды. Соғыс жылдарындағы естеліктерін айтып, көңілі босады.
– Жұрт менен қалай ұзақ жасадыңыз деп сұрайды. Менің өмірім Қазақстанның тарихы сияқты деп жауап беремін. Елмен бірге көп қиындықтан өттім, елмен бірге бақытқа жеттім. Құттықтап келген, мені ұмытпайтын Аурухананың ұжымына рахмет. Пульмонология бөлімінде жатып, Наталья Яковлевнада емделдім, қолынан келмейтіні жоқ. Кардиология бөлімінде де емделдім. Жақында ғана ана өмірдің табалдырығынан дәрігерлер қайтарып алды. Осы Ауруханадағы үлкен-кішінің бәріне ризамын, алғысым шексіз, – дейді Алима Лапина.
ҚР Президенті Іс басқармасының Медорталығы Ұлттық госпиталі де ардагерлерді ұмыт қалдырған емес. Қалыптасқан дәстүр бойынша биыл да құттықтады.
– Ұлы отан соғысы ардагерлерінің қай-қайсысы да нағыз батыр, көзі тірісінде аңызға айналған адамдар. Оларға қамқор болу парызымыз деп білгеніміз жөн. Ұлттық госпитальдің жүйелі қамқорлығына алынған осы 20 ардагердің 10-ы – от пен оқтың ортасынан аман келген майдангерлер, 10-ы – еңбек майданының қаһармандары. Барлығы жыл бойы госпитальде ем алады. Жеңіс күніне орай жыл сйын міндетті түрде үйлеріне барып құттықтаймыз, аурухана тарапынан сый-құрмет көрсетіледі, - дейді Ұлттық госпитальдің кәсіподақ комитетінің төрағасы Асхат Бралов.
Биыл да клиника қызметкерері Екатерина Александровна Баранованың шаңырағына барып, арнайы құттықтады. Екатерина Александровна 99 жаста. Ол 1943 жылдың мамырынан 1945 жылдың желтоқсанына дейін І Украина майданында госпиталь медбикесі ретінде соғысқа қатысты. Жеңісті Чехословакияда медициналық қызметтің аға лейтенанты болып қарсы алды. Соғыстан кейін 30 жыл табан аудармай Совминкада хирург-дәрігер болып жұмыс істеді, жүздеген адамның өмірін сақтап қалуға ықпал етті.
Госпиталь қызметкерлерін күтіп алған ҰОС ардагері біраз толқып, өз естеліктерімен бөлісті.
– Өткенсіз болашақ жоқ. Қарттарды құрметтеңдер, біз сендердің тірек тамырларыңбыз. Мен өз өмірімде жүздеген адамға көмектестім. Жап-жас кезімде соғыста жаралы сарбаздарды нәзік иығыма салып тасыдым. Маған адамдарға деген мейірім мен махаббат күш берді, - дейді ол.
Қария қартайса да, әлі күнге қонақ күткенді жақсы көреді екен. Өзінің өтініші бойынша Екатерина Александровнаға тамақ пісіретін ыдыс сыйға берілді.
Ізгілік Нұрмағамбетұлы Дадаев қан майданға Мәскеу түбінде кіріп, Берлинге дейін жеткен адам. Үш рет жараланған, контузия алған. Бауыржан Момышұлы, Климент Ворошилов, Георгий Маленков сынды аңыз адамдармен жүздескен, Леонид Брежнев, Дінмұхамед Қонаев сынды басшылармен істем болған. Үндістанның бұрынғы премьер-министрі Джавахарлал Нерумен де кездескен ардагердің архивінде Мемлекет басшыларынан келген 30 құттықтау хат бар.
Ізгілік ата Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнаулы сағатын ешқашан, тіпті ауруханада да тастамай тағып жүреді. Ол КСРО Журналистер одағының мүшесі, өмір бойы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің марапаттау бөлімін басқарған адам. 102 жастан асқан ақсақал Медорталық ауруханасы мен санаторийлерінде тұрақты емделеді.
– Осы жасқа салауатты өмір салтын ұстанғанымның арқасында жетіп отырмын. Мен ешқашан ішімдік ішпедім, темекі шекпедім, спортпен шұғылдандым. Ата-анамның тәрбиесімен келген тәртіпті мінезім көмектесті, - дейді ғасырдан астам жасаған ардагер.
Өмірзақ Мылтықбайұлы Жалымбетов соғыс кезінде Текелі қаласында тер төкті, ал Текелі әскери техникаларға қажетті қорғасын шығаратын. МҚК полковнигі (КГБ) дәрежесін алып, бейбіт өмірге араласты, Жамбыл қаласында зауыттарды басқарды. Өнеркәсіп министрінің орынбасары қызметінде жүріп зейнетке шықты. Ардагер әлі күнге ауруханаға өз аяғымен келеді, 5 жыл бұын ғана бассейнге баруға анықтама алатын. Бүгінде 4 баласынан 7 немере, 22 шөбере сүйіп отыр.
Ауруханадан құттықтап келген дәрігерлер қауымын ардагерлер қуана қарсы алды, мереке күніндегі толқыныстарын да жасырмады.
– Мені үнемі стационарға жатып емделуге шақырады, бірақ өзім бас тартамын. Жастар емделсін. Біз жасарымызды жасадық, бізден гөрі көмекке мұқтаж адамдар бар ғой, соларға көмектесіңдер, - дейді Екатерина Баранова.
Ұлттық госпиталь мен Медорталық ауруханасының ұжымы барлық ардагерлерді шын жүректен құттықтап, кейінгі ұрпақтарына бейбіт өмір сыйлаған ерен ерліктері үшін алғыс айтып, ақ батасын алды.