Астанада өтіп жатқан «Al Jazeera апталығы» аясында Қатар телекомпаниясының басшылары ҚР Президенті телерадиокешені ұжымымен кездесіп, медиахолдингтің қызметімен танысты.
Шетелдік әріптестерге Президент телерадиокешені ресурстарының шығармашылық және техникалық мүмкіндіктері көрсетілді.
Кездесуге қатысушылар ҚР Президенті ТРК мен Al Jazeera Media Network ұйымдастырған MNU халықаралық журналистика мектебіндегі «Al Jazeera апталығы» туралы пікір алмасты.
Al Jazeera телекомпаниясының басшысы, доктор Мостефа Суаг бұл іс-шараның маңыздылығын атап өтті. Шара барысында Қатар телеарнасының мамандары қазақстандық студенттер мен журналистерге заманауи медианың өзекті мәселелері бойынша бір апталық тренинг өткізіп жатыр.
– Астанада өткізілген күндер маңызды оқиғаларға толы және жемісті болды деп есептеймін. Тренинг жоғары деңгейде ұйымдастырылған, қатысушылар белсенділіктерімен және біздің телекомпанияның стандарттары мен стиліне деген қызығушылықтарымен таң қалдырды. Сіздерде де журналистика мектебінің дәстүрі берік, әлемдік үрдістерге ілесіп жатқанын көріп отырмыз. Бұл ретте мен елдеріңіздің сұлулығын және оның туризм саласындағы зор әлеуетін атап өткім келеді, - деді Мостефа Суаг.
Өз кезегінде Президент ТРК директоры Раушан Қажыбаева:
«Al Jazeera-мен бір апта» атты алғашқы бірлескен жобамыздың нәтижесі жоғары болды. Ынтымақтастығымыздың келесі кезеңі контентті бірлесіп жасау және алмасу бағытындағы жобалар болмақ, - деп атап өтті.
«Al Jazeera апталығы» қатысушыларына «Жаңалықтар репортажы», «Деректер журналистикасы», «Мобильді журналистика», «Цифрлық сторителлинг» және «Жаңалықтар жүргізушілерінің курстары» сияқты тақырыптарда 100 сағаттан астам теориялық және практикалық сабақ берілді. Дәріс курсының соңында студенттер оқу бағыттарының әрқайсысы бойынша курстық жобаларды қорғайды, сондай-ақ Al Jazeera Media Institute сертификатын алады.
Айта кетсек, ҚР Президентінің телерадиокешені Қазақстандағы ірі медиа-компаниялардың бірі, оның құрамына Jibek Joly, Silk Way, Silk Way Cinema телеарналары, «Kazinform» халықаралық ақпараттық агенттігі, Деректі фильмдер орталығы кіреді.
Әлемнің 50-ден астам елінде шетелдік бюросы бар Al Jazeera телекомпаниясы араб және ағылшын тілдерінде хабар тарататын аса ірі медиахолдинг екенін атап өткен жөн.