Бүгін Президент Іс басқармасының Президенттік орталығында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған көрме ашылды.
Іс-шара «Қазақстан: халық үндестігі» деген тақырып аясында еліміздегі тұрақтылықтың, ұлтаралық келісім мен мәдени диалогтың үлгісін көрсетуге бағытталған. Мұндағы экспонаттарды тамашалау арқылы Қазақстандағы түрлі этностардың мәдениеті, өзара тарихи қарым-қатынасы туралы қызықты деректерді білуге болады.
Айталық, тәжіктің қабырғаға тұтатын кілемі – сюзане, түрікмен ұлттық бөркі, гүлдермен кестеленген орыстың рушнигі және басқа да халықтарға тән тұрмыс-салт бұйымдары мен ұлттық киімдер сол ұлыстардың табиғатынан сыр шертеді.
Жұртшылық назарына Президенттік орталық коллекциясындағы киімдер, кілем және киіз, жұмсақ инвентарь, кәдесый, ыдыс-аяқ, бейнелеу өнерінің туындылары және материалдық мәдениет заттары топтамаларынан 200-ден астам экспонат ұсынылып отыр.
Көрме 10 мамырға дейін жалғасады.