Президенттік орталық ЮНЕСКО-ның Өңірлік кеңсесімен бірлесіп, «Орталық Азияның орнықты дамуы үшін ғылыми ынтымақтастықты нығайту» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді.
Іс-шара Орталық Азияда халықаралық және өңіраралық ғылыми әріптестікті қалыптастыруға, соның аясында тұрақты даму саласындағы зерттеулерді кеңейтуге және инновациялық идеялармен алмасуға ықпал ететін бағытталған.
ҚР ПІБ Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат атап өткендей, Мемлекет басшысы биыл сәуір айындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында отандық ғылым қоғамның өзекті мәселелерінен алшақ болмауға тиіс екенін айтты. Мемлекетке кешенді ғылыми зерттеулермен негізделген ұсыныстар аса қажет. Ғылым қабылданған шешімдердің тиімділігін қамтамасыз ететін іргелі сараптамалық-талдау орталықтарын құрып, мемлекеттік менеджментке қолдау көрсетуге тиіс.
ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы өңірлік кеңсесі директорының м.а. Амир Пирич Орталық Азияның байырғы халықтарының дәстүрлі білімін заманауи ғылыми әдістермен интеграциялаудың маңыздылығын атап өтті. Ол ғылыми инфрақұрылымды нығайтуға, жас зерттеушілерге инвестиция салуға және халықаралық серіктестікті дамытуға шақырды.
Өз кезегінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев Ұлттық ғылым академиясы мен ЮНЕСКО арасында Қазақстанда ғылыми - зерттеу орталықтары мен зертханалар құру жөнінде меморандум жасасуды ұсынды.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) директоры Еркін Тұқымовтың айтуынша, ҚСЗИ базасында Орталық Азияны зерделеу бойынша арнайы ғылыми мектеп құрылуда. Оған әлеуметтанушылар, саясаттанушылар, экономистер, климатологтар секілді түрлі салалардың мамандары тартылады.
ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Эрлан Батырбеков ауданы 18 мың шаршы шақырымнан асатын Семей сынақ полигонының бүкіл аумағын бірегей кешенді экологиялық тексерудің аяқталғаны туралы айтты. Зерттеу нәтижелері бойынша, полигонның жаңа шекаралары шеңберінде шамамен 8 мың шаршы шақырым жер қалады, ал 10 мың шаршы км. жер ауыл шаруашылығынан бастап табиғи қазбаларды өндіруге дейінгі түрлі мақсаттарда пайдалану үшін халық шаруашылығына берілуі мүмкін.
Пленарлық отырыстың қорытындысы ретінде іс-шара барысында зерттеуші ғалымдар әзірлеген Халықаралық конференцияға қатысушылардың Үндеуі жария етілді.
Құжатта ғылыми зерттеулердің еркіндігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықаралық қаржыландыру, ғылыми мекемелер мен ғалымдардың қоғам алдындағы жауапкершілігі мәселелері бойынша ұсыныстар айтылды.
Барлық ұсынымдар Ғылым және жоғары білім министрлігіне одан әрі жұмыс істеу үшін берілетін болады.