ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институты ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесіп «Әкімшілік рәсімдік-процестік заңнаманы дамыту мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Жиынға Парламент депутаттары, сот жүйесі мен мемлекеттік органдардың өкілдері, белгілі сарапшылар, сондай-ақ Әзербайжан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Украинадан келген судьялар мен сарапшылар қоғамдастығының өкілдері қатысты.
Еліміздегі әкімшілік заңнаманы жетілдіру жөніндегі үлкен жұмыстың құрамдас бөлігі ретінде өткен іс-шара депутаттық корпустың, судьялардың, ғалымдардың, мүдделі мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғамдастықтың әкімшілік әділет саласындағы проблемаларын шешуде қолданыстағы заңнаманы жетілдірудегі күш-жігерін біріктіруге бағытталған.
Қазіргі таңда мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарға келіп түсуке талап-арыздардың көбейгені байқалады. Осыған байланысты ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институты ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексін одан әрі дамытудың өзекті мәселелерін талқылауды ұсынды.
Жиында әкімшілік істер бойынша сот практикасының өзекті мәселелері, сондай-ақ тиімді мемлекеттік басқару шарттары ретінде әкімшілік қарауды қолдану және оның сот бақылауын қайта бөлу мәселесі талқыланды. Ұсыныстар ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексін одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыста ескерілетін болады.